Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ оптимистік мәлімдемесіне қарамастан Атырауда үшінші ауысымда оқуды толықтай жою мүмкін болмады. №16 мектептің оқушылары үш ауысымда білім алуда.
2 қыркүйекте редакцияға бірінші сынып оқушыларының ата-аналары алаңдаушылық білдіріп, қоңырау соға бастады: олардың сабақ кестелері жұмыс жасайтын ата-аналар үшін өте қолайсыз екен. Сабақтар сағат 8-де, 11-де және 14-те басталады.
- Мектепте бала өте көп, бізде 14 бірінші сынып пен мектепке дейінгі дайындықтың 6 сыныбы бар, -деп әңгімеледі мектеп директоры Тамара ХАМИТОВА. – Кабинеттер, балаларға арналған парталар мен орындықтар жетіспейді. Қалалық білім бөліміндегілер біздің жағдайымыз туралы біледі. Мектебімізде оқығысы келетін балалар жыл сайын көбейіп келеді. Олардың бәрі де білім алуға құқылы.
Өткен жылы мектепте 2008 оқушы білім алған, бұл - 84 сынып. Биыл одан да көп болып отыр – 93 сынып пен 2200-ден астам бала. Нақты цифрлар тек 5 қыркүйектен кейін ғана белгілі болады.
Қалалық білім беру бөлімінің басшылығынан комментарий алудың сәті түспеді: қалалық білім беру бөлімінің басшысы жиналыс өткізіп жатады немесе орнында болмай шығады. Дегенмен, ресми комментарийсіз-ақ, ата-аналарға Авангард секілді халық тығыз орналасқан аудандарда сыныптардың лық толуы ережеге айналғандығы белгілі.
Басқа мектеп оқушылары үшін жаңа оқу жылы да аса қуанышты емес жаңалықпен басталды: бірінші ауысымға сабақ бұрынғыдай 8.30-да емес, таңертеңгі 8-де басталады. Көптеген жағдайларда директорлар сабақтың басталу уақытының өзгеруін үкімет қаулысын орындау қажеттілігімен түсіндіріп отыр. Мектепке арналған типтік ереженің 25-тармағында білім беру мекемелеріндегі сабақтар кестесі тамақтану мен белсенді демалу үшін жеткілікті ұзақтықтағы үзілісті қарастырады делінген. Жалпыға білім беретін мекемелердің барлық түрлерінің оқушылары үшін сабақтар арасындағы үзілістер ұзақтығы 10 минуттан, үлкен үзіліс (2-ші, 3-ші сабақтан кейін) 30 минуттан кем болмайды. Үлкен бір үзілістің орнына 2-ші және 3-ші сабақтан кейін әрқайсысы 20 минуттан екі үзіліс жасауға болады. Мектептерде ыстық тамақтың ұйымдастырылуы балалардың барлығы тамақтанып үлгеру үшін ұзақ үзілісті қажет етеді.
- Мектептің педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша біз таңертеңгі сағат 8-ден бастап бірінші ауысым сабағын бастаймыз, - дейді №30 мектеп-гимназияның директоры Лилия ЛИГАЙ. – Үлкен үзіліс кезінде (бұл бізде енді екеу) ыстық тамақты ұйымдастырудан бөлек оқушылар үшін аэробика мен шейпинг элементтері бар музыкалық жаттығу ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА