Атырау, 23 қараша 12:43
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Оң қолыңмен берген садақаңды сол қолың білмесін»

4 415 просмотра

АҚШ-та басталған Ice Bucket Challenge акциясы Қазақстанда, соның ішінде Атырауда да белең алды. Мекеме қызметкерлері, әртістер және басқа да қалалықтар үстеріне салқын су құйып, «қайырымдылық пирамидасына» өздерінің басқа да достарын тартуға тырысуда.

БІЗДЕ КӨБІНЕ БАЛАЛАРДЫ АЯЙДЫ

Бұл акция туралы әлі естімегендер үшін: Ice Bucket Challenge – басты мақсаты қайырымдылық болып табылатын флешмоб. Алайда, жарна төлеумен қатар, ереже бойынша, адам өз үстіне мұз салған су құюы керек және эстафетаны өзінің үш досына беру керек. Ал олар өз кезектерінде осыны бір тәуліктің ішінде орындаулары қажет. Осы акция пайда болған АҚШ-та қатысушылар үстеріне су құйғаннан кейін емі жоқ орталық нерв жүйесінің дегенерациялық ауруы – бүйірлік амитрофикалық склерозы дертін зерделеу қорына 10 доллар аударады. Айта кетсек, бұл ересек ер адамдардың ауруы, аурудың орташа басталу жасы – 56 жас. Еліміздің астанасында көптеген адамдар бұл флешмоб эстафетасын қуана қарсы алды, алайда ақшаны балалар үйі мен сәбилер үйіне, сондай-ақ, Қазақстанда емдей алмайтын дерттермен ауыратын балаларға көмектесетін «Қайырымдылық» Еріктілер Қоғамы қорына аударды.

 

БЕРУШІНІ ЕШКІМ СӨКПЕЙТІН БОЛАР

Дегенмен, бұл акцияның да өз қарсыластары бар. Әлеуметтік желілерде қайырымдылық жасырын жасалуы керек деген пікір айтылып жүр. Біреулері Інжілден, біреулері Құран-хадистен мысалдар келтіреді: «Қияметте, басқа пана табылмаған күнде Алла Тағаланың панасындағы жеті адамның бірі - берген садақасын жасырған, оң қолының бергенінен сол қолының хабары болмаған адам» (Бұхари) немесе «Жасырын (садақа, жақсылық және ғибраттар) ашық жасалғаннан абзалырақ. Тек, жақсы бір үлгі болатын болса, ашық жасау жасырын жасаудан абзал болады» (Дәйләми) деп мысал келтіреді.

Пікірлер жан-жаққа бөлінді.

- Қайырымдылық жасырын болу керек, мен бұған сенімдімін, - деді «АЖ»-ға берген шағын сұхбатында «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Елтай ДӘУЛЕНОВ. – Басқаша болған жағдайда, бұл мүлдем басқа нәрсе – мақтаншақтық. Коммунист-депутат Владислав Косарев өзінің Астананың сол жақ бөлігіндегі зәулім сарайында үстіне мұзды су құйып, бейнекамераға 10 мың теңге тақап, «Мә, саған» деуі қалай аталады? Қалай атасаңыз да өзіңіз біліңіз, бірақ бұл қайырымдылық емес. Бұл өзін-өзі жарнамалау. Ал кейіннен бұл сән болудан індетке айналды: аз болса да елге танымал адам өзінің меценаттық ерлігін бейнекамераға түсіріп, әлеуметтік желідегі бетшесіне салуды парызы деп санады. Маған Ice Bucket Challenge акциясы ұнамайды. Мен үшін қайырымдылық деген шын пейілмен, еш жымысқы ойсыз жасалуы қажет.

- Мен бұл өзін-өзі көрсету деп санамаймын, -дейді қалаға белгілі стилист, жұрт алдында үстіне су құйғандардың бірі Влад ВОРОБЬЕВ. – Мен акцияға қолдау көрсеттім, барлық талаптарын орындадым, алайда аударған ақшамды жариялаған жоқпын. Иә, мен су құйынған бейне түсірілімді желіге салдым, өйткені, бұл көңілді де позитивті шара, ол маған емес, осы қайырымдылық флешмобына көңіл аудартады. Бұл іске сын айту артық деп ойлаймын.

- Мен шақыртуды қабыл алдым, үстіме су құйдым, камераға түсіріп, желіге салдым, бұл да бір әрекет, - дейді «Қазақтелеком» инженері Нұрболат ЫДЫРЫСОВ. – Мен ақша берген жоқпын, алайда акцияға үш адам тарттым. Яғни, осылардың біреуі садақа береді деген үміт бар. Мұның еш сөкеттігін көріп отырған жоқпын, бұл - ерікті іс қой.

- Осы акцияға қатысуым керек пе деген күдігім де болған жоқ, -дейді мерекелерді жүргізушіЮлия КУРМАКАЕВА.– Бұл туралы айтқым да келмейді, бірақ мәселе көтерілген соң айтайын, мен осы акциясыз да қайырымдылықпен айналысамын. Сіздер айтқандай, жасырын түрде. Мен өз ролигімді ғаламторға салып, қызықты бейнежазба жасадым, алайда негізгі мәні туралы да ұмытпадым. Сондай-ақ, су құйынған маған өте ұнады, енді мен денсаулығым үшін күнде үстіме су құйып тұрамын.

 

ЕРЛАННЫҢ АЛҒЫСЫ

Айта кетсек, Атырауда осы флешмоб аз күнде көпшілікке танымал болды. Алайда қаты-сушылардың көпшілігі бірауыздан Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВТЫҢ «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігіне көмектесуді шешті. Бұл ол үшін кездейсоқ жағдай болды.

- Адамдардың бізге көмектесе бастауы мен үшін сенім мен мойындаудың белгісіндей болды, - дейді ол. – Иә, бұл күндері біздің бірлестігіміздің көмек қабылдау бекеттерінде ақша салынған конверттер көбейді. Көмектескісі келетін және қандай заттар керектігін сұрап телефон соғушылар да артты. Барлығына үлкен алғысымды білдіремін. Адамдар осы акция аясында көмектесіп жатыр ма, әлде басқа ма, мен үшін маңызды емес. Адамдардың ниеттеніп, осы іске көмектескені мені қуантады.

Анастасия ПАСТУХОВА

4 қыркүйек 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.