Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің былтыр жазда басталған күрделі жөндеу жұмысы әлі күнге дейін біткен жоқ. Студенттер биыл тағы да бас корпуста оқи алмайды. Олар былтыр колледждің ескі ғимаратында оқыса, биыл шеберханада оқуға мәжбүр.
Күрделі жөндеу жұмыстары 2013 жылдың шілдесінде басталған болатын және келісімшартқа сәйкес үш айдың ішінде бітуі тиіс еді. Колледжді күрделі жөндеуге және қосымша құрылысқа бюджеттен 99 млн 777 мың теңге қаржы бөлінді. Мердігер - «ПМК Уральскстрой» ЖШС (директоры А. ГАЛИЕВ).
Бүгінде жөндеу жұмыстарының 60 пайызы атқарылған, алайда, орындалған жұмыстардың сапасына көңілі толмаған колледж басшылығы былтыр «ПМК Уральскстрой» ЖШС-ін жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз түсірді. Талап-арыз биыл 16 қаңтарда қанағаттандырылды. Осы жылы колледж басшысы мердігерді тағы да сотқа берді. Бұл жолы мердігермен келісімшартты бұзу деп тану және жұмысты кешіктіргені үшін тұрақсыздық айыппұлды өндіртіп алу үшін.
- Біз мердігермен келісімшартты бұзу деп тануды және жұмысты кешіктірген204 күнге 22 млн 797 мың теңге тұрақсыздық айыппұлын өндіріп алу жөнінде талап қойып отырмыз, - дейді Құрманғазы аграрлы-техникалық колледж директоры Шайхатолла ЖАЛЕЛОВ. - Бас корпусымыздағы жөндеу жұмыстары биыл да бітпей қалғандықтан, студенттерді шеберханада оқытуға мәжбүрміз. Ал бас корпусты жөндеу жұмысының 40 пайызын биыл да толық аяқтай алмайтын болармыз. Себебі, жаңа мердігерді іздеу көп уақыт алады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА