Доссор аудандық ауруханасының шаруабикесі Сара ИСАНОВАНЫ зейнеткерлікке шығуға үш жыл қалғанда жұмыстан шығарды. Сотта ол жұмыстан заңсыз шығарылғанын дәлелдеп, өзінің бұрынғы жұмысына қайта оралды.
2012 жылдың желтоқсанында Доссор ауруханасын Мақат аудандық орталық ауруханасына біріктірді. Талдау комиссиясы Доссор ауруханасындағы кереует санының қысқаруына орай штат бірлігін зерделеуден өткізіп, кіші буын қызметкерлерін қысқартуға шешім қабылдайды.
- Өткен жылдың 19 тамызында аудандық аурухананың бас дәрігері жұмыстан босатылатыным жөнінде жазбаша хабарлама берді, -дейді С. Исанова. – Мен өз құқымды қорғау үшін аудандық прокуратураға арыз бердім. Аудандық прокуратураның араласуымен жұмысыма қайта оралдым. Ал аудандық соттың шешімімен аудандық ауруханадан 20 мың теңге моральдық зиян өндіріп алдым.
Алайда, сол жылдың 20 желтоқсанында тағы да штаттың қысқартылатыны жөнінде хабарланды. Бұл жолы Исановаға тазалықшы жұмысын ұсынады, сол кезде ол тағы да сотқа жүгінеді. Мақат аудандық сотының судьясы А. МАҒЗОМОВАНЫҢ төрағалығымен өткен сотта Исанованың бұрынғы жұмысына қайта орналастыру жөніндегі талап-арызы қанағаттандырусыз қалады. Исанова бұдан соң облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіреді. Атырау облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы құрамында төрағалық етуші Г. ҚАРАБАЛИНА Исанованы жұмыстан босатқан кезде Еңбек Кодексі талаптарының өрескел бұзылғанын атап көрсетті. Әсіресе, ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабы 1-тармағы бойынша 55 жастан бастап және зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жастағы қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға жол берілмейтіндігін атап көрсетті.
Сот шешімімен С. Исанова бұрынғы қызметіне қайта орналастырылды. Мақат аудандық орталық ауруханасынан оған бос жүрген күндеріндегі 100 мың теңге орташа жалақысы,866 теңге сот шығыны, 15 мың теңге моральдық зиян өндірілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА