ҚР Білім министрі Аслан СӘРІНЖІПОВТЫҢ мәліметіне сәйкес, «облыс мектептері 2014-2015 жаңа оқу жылына дайын». Алайда, Құрманғазы ауданындағы Панфилов орталау мектебі мен аграрлы-техникалық колледжі 1 қыркүйекте есігін ашқан жоқ.
1950 жылы саман тастан салынған Жамбыл аулындағы Панфилов орталау мектебінің ғимараты 2013 жылдың 16 мамырында токтың тұйықталуынан түгелімен өртеніп кеткен болатын. 80-ге тарта оқушы мен 20-ға жуық мектеп қызметкеріәзірге 8 шақырымдағы Теңіз округіне қарасты Ю. Гагарин атындағы орта мектепке қатынап оқып жүр. 120 орындық жаңа мектеп ғимаратының (жалпы құны 369 млн теңге) құрылысы 2013 жылдың жазында басталып, нысанды сол жылдың желтоқсанында тапсыру жоспарланған болатын. Алайда, былтыр қыс бойы құрылыс жүргізілген жоқ. Тапсырысшы - облыстық құрылыс басқармасы «Басерстрой» ЖШС-мен (директоры Ербол СӘРСЕНБАЕВ) арадағы келісімшартты бұзып тастады. Жұмыстар тек биылғы жылдың мамырында ғана қайта қолға алынды. Бүгінде құрылысты «Жұма-Сан» ЖШС жүргізуде.
- Мердігердің ауысуы көп уақытты алды. Бұрынғы серіктестік жұмыстың 25 пайызын жасағанымен, оның көпшілігін қайта жасауымызға тура келді, -дейді «Жұма-Сан» ЖШС-нің директоры Қожағали ҒАБДУЛОВ. -Келісімшартта көрсетілгендей, нысанды 1 қазанда тапсыруымыз керек. Бүгінде құрылыстың 90 пайыз жұмысы бітіп тұр.
Құрманғазы аудандық білім бөлімінің басшысы Марат ҒИЛАЕВ Панфилов орталау мектебінің оқушылары мен мұғалімдерінің тасымалы үшін көлік болатынын жеткізді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА