Атырау, 21 желтоқсан 12:02
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

2 068 просмотра

Нағыз еркектер!

52 жастағы спорт ардагерлері Владимир Мичри мен 59 жастағы Евгений Ухов Белоруссияның Витебск қаласында өткен кір тасы спорты бойынша бүкіләлемдік олимпиадада 13 алтын медаль иеленді.

Жүлделердің осыншама көп болуына олимпиада бағдарламасына Украинадағы соғыс салдарынан болмай қалған Керчьтегі әлем чемпионаты, Харьковтегі Евразия біріншілігі, сондай-ақ, адмирал Федор Ушаковты еске алуға арналған халықаралық турнирдің жүлделері осында сарапқа салынуы себеп болды. Атыраулық ардагерлер жеңіс тұғырына 13 рет көтеріліп, осынша рет көрермендерді өз күштері және ептіліктерімен тәнті етті.

Евгений Михайлович Мичри Атырау қаласындағы №21 орта мектепте дене тәрбиесінен сабақ береді. Ол 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Ол келесі номинациялар бойынша үздік атанды: жартылай марафон - 16 келі кір тасын көтеру (609 рет көтерді), жартылай марафон - 18 келі кір тасын көтеру (552 рет) және марафон - 16 келі кір тасын көтеру (1 214 рет).

Владимир Борисович Ухов «Мұнайшы» спорт кешенінің тренажер залында нұсқаушы болып жасайды және «Динамо» спорт қоғамы атынан өнер көрсетеді. Ол 60 келіге дейінгі салмақта келесі номинацияларда үздік атанды: 20 келі кір тасын көтеру, 2 кір тасын ұзақ циклмен көтеру, 20 келілік кір тасын 1, 2 және 5 минут ішінде жұлқа көтеру, олимпиадалық үшсайыс (серпе, жұлқа көтеру, 20 келілік кір тасын үш минут ішінде ұзақ циклмен көтеру) және «көпір» жағдайында 20 келілік кір тасын көтеру. Осылайша, оның еншісінде 10 алтын медаль бар, айтпақшы, екі жағдайда ол әлем рекордын жаңалады

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

*   *   *

Барлығы да алтынға лайық

Таразда жасөспірімдер арасында өткен қазақ күресінен ІІ республикалық ауыл ойындарында облыс құрамасы жақсы өнер көрсетті.

Біздің барлық жетіпалуанымыз да жартылай финалға дейін жетті. Елшат Әбу(81 келіге дейін) мен Нұрсұлтан Қапашев(81 келіден жоғары) «күміс» иеленді. «Қолаға» қол жеткізгендер: Әділет Күлшім (57 келіге дейін), Әділбек Қайырғали(64 келіге дейін), Саян Қайырғалиев(72 келіге дейін). Бейбарыс Досқалиев (46 келіге дейін) және Асыланбек Төлеуұлы(51 келіге дейін) да сәтті өнер көрсетті. Алайда 3-орын үшін белдесуде сәл жолдары болмады.

Өз шәкірттерінің нәтижелеріне облыс жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек СЕРҒАЗИЕВ жоғары баға берді: «Жігіттер өте шебер өнер көрсетті. Аз-мұз кемшіліктер бар, оны жұмыс жасау арқылы жоятын боламыз. Дегенмен, палуандарымыз өздерін жақсы жақтарынан көрсете алды».

Қыркүйектің басында Өскемен қаласында ересектер арасында қазақ күресінен республикалық халық ойындары өтеді.

*  *  *

Атырау елге алтын жүлде сыйлады

«Атырау» отырып ойнайтын волейбол командасы Павлодарда өткен ҚР спорт шебері Рысбек Қамысов мемориалынан «алтын» алып келді.

Атырау волейболшылары Қызылорда, Қарағанды, Алматы және Павлодардан келген қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Бұл - біздің «отырықшы» волейболшыларымыздың биылғы үшінші жетістігі. Жыл басынан бері «Атырау» Иранда болған Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды және Қазақстан чемпионатының екі турынан кейін турнир кестесінде көш бастап келеді.

Қазан айында бұл ұжым ел чемпионатының қорытынды турында және Оңтүстік Кореяда өтетін Параазиаттық ойындарда ел құрамасының сапында өнер көрсетеді. Естеріңізге салсақ, отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасының 90%-ы атыраулық спортшылардан тұрады.

*  *  *

Тағы да сәтсіздік

Облыс құрамасы Қазақстан бокс федерациясының V Кубогы жартылай финалына шыға алмады.

Атыраулық былғары қолғап шеберлері алғашқы екі матчтық кездесуде Қарағанды және Алматы құрамаларынан бірдей 2:8 есебімен ұтылып қалды, ал қорытынды матчта Солтүстік Қазақстан құрамасын 9:1 есебімен ойсырата ұтты.

Бірінші матчта Жәнібек Махамбетов (56 келіге дейін) және Тоқтар Оспан(81 келіге дейін) жеңіске жетсе, екіншіде – Ж.Махамбетов пен Азамат Досмағамбетов(69 келіге дейін) қарсыластарынан басым болды. Үшінші матчта Рашид Салауатов (49 келіге дейін) пен Асылхан Ұзақбаевтың жеңісінен кейін солтүстік облыс өкілдері басқа айқастарды өткізуден бас тартты. Ештеңе шешпейтін айқасқа біздің Омар Марабаев(75 келіге дейін) та шықпады.

Кубоктың жартылай финалы мен финалын 14, 15 желтоқсанда Астанада өткізу жоспарланып отыр. Турнирдің триумфатор командасы 25 млнтеңге ақшалай сыйақы алады.

Өткен жылдардағы Кубок жеңімпаздары: Астана қ. (2010, 2013 жж.), Қарағанды (2011 ж.) және Маңғыстау (2012 ж.) облыстары. Біздің құрама команда сапында бір кубок иегері - 2012 жылы келісімшарт бойынша Маңғыстау облысының құрамасында өнер көрсеткен Рахман Әлжанов бар.

*  *  *

Мақаттықтар - чемпион

Мақат ауданының мини-футбол командасы V облыстық халық ойындарында жеңімпаз атанды.

Ойындар өткен демалыс күндері «Судоремонтник» және «Ривьера» стадиондарында өтті. Алдын ала матчтар екі топта өтіп, төрт мықты команда жартылай финалға шықты. Бірінші жартылай финалда Мақат және Жылыой аудандары командалары кездесті. Матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен тең түсті. Ойыннан кейінгі пенальти тебуде мақаттықтардың жолы болды. Екінші жартылай финалда махамбеттіктер құрманғазылықтардан 3:2 есебімен басым түсті.

3-орын үшін болған матчта жылыойлықтар құрманғазылықтарды 3:1 есебімен ұтты. Ал, финалда мақаттықтар махамбеттіктерді 3:0 есебімен ойсырата ұтып, қыркүйектің екінші онкүндігінде Өскеменде өтетін V республикалық халық ойындарында облыстың намысын қорғау құқығына ие болды. 

*  *  *


Аққыстаулық жұмбақ команда

Атырауда мини-футболдан қалалық премьер-лига чемпионаты басталды. 

«Еуропа» дивизионында «Каспий Нұр» командасы көш бастады. Команда ойыншылары үш матчта 15 гол соғып, нәтижелі ойын көрсетті. Таратылған «Мәтен» командасы қатарынан «Каспий Нұрға» қосылған Артур Сидағалиев пен Ерназар Табылдиев барлығынан көп гол соқты. Осы команданың қақпашысы Азамат Мүтиғоллаев та бір доп салып, көзге түсті. 

Дивизионның турнир кестесінде «Атырау» ФК футбол орталығының 1996-97 ж.т. шәкірттерінен құралған «Олимп» командасы екінші орынға табан тіреді. Бұл ұжымда Сержан Қабақов пен Мұхамед Сақташ үздік ойындарымен бапкерлерін қуантты. Үшінші орында - «NCPOC» командасы.

«Азия» дивизионында «Достар» командасы жарысты сәтті бастады. Команда сұрмергені Ілияс Нысанов төрт голдың авторы атанды. «Достардан» кейін турнир кестесінде «Жұмыскер» мен «Арлан» командалары орналасты. 
Өткен жылғы лига чемпионы «АМӨЗ» командасы мен жас ұжым «Аққыстау» арасындағы ойын өте тартысты өтті. Алғаш болып есеп ашқан исатайлықтар ойын барысында өздеріне қарымта төрт гол жіберіп алды. Алайда, мінез танытып, жауап екі гол соқты. Матч бір доп айырмасымен зауыттықтардың пайдасына шешілді. 

*  *  *

Жақсы бастама

24 тамызда Астана қаласында басталған Қазақстан Кубогының алғашқы матчында «Бейбарыс» рудныйлық «Горняктан» басым түсті. 

Ойын 5:4 есебімен біздің пайдамызға шешілді. «Мәмлүктердің» құрамында Роберт Крайчи, Николай Ладыгин, Кирилл Сидоренко, Матич Краль және Дмитрий Степанов көзге түсті.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

28 тамыз 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.