Минскіде Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Петр Порошенконың екіжақты кездесуі өтіп жатыр. Фото: ReutersРесей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Петр Порошенко Минскіде бетпе-бет кездесіп, Украинаның шығысындағы жағдайды талқылады.
Путин Порошенкомен болған кездесуді "позитивті" жүрді деп, Мәскеу бітімгерлік процестерді нығайту үшін "барлық мүмкіндікті жасайтынын" мәлімдеді. Ол бұған қоса газ тасымалдау мәселесіне қатысты келіссөздер жүргізу туралы да уағдаластық жасалғанын айтты.
Порошенконың айтуынша, Киев пен Мәскеу Украинаның шығысындағы жағдайды реттеудің алғышарттарын жасау үшін екі елдің шекара қызметтері және билік өкілдері арасында келіссөздер бастауға келіскен.
Минскіде мұның алдында Путин, Порошенко, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштонның қатысуымен көпжақты келіссөздер өткен. Лукашенконың айтуынша, көп мәселеде Мәскеу мен Киевтің ұстанымдары үйлесе бермегендіктен, тіпті кейбір жағдайда түбірімен қарама-қайшы келіп жатқандықтан келіссөздер күрделі болған. Ал Кэтрин Эштон келіссөздерді "позитивті" деп бағалады.
Дереккөз: azattyq.org