Джеймс Фоули. ©Free James Foley/FacebookИракта лаңкестің қолынан өлген америкалық журналист Джеймс Фоулидің отбасы оның тұтқында отырып жазған соңғы хатын жария етті. Хат мәтіні Facebook-тегі Free James Foley қоғамдастығының парағына орналастырылды.
Америкалық журналист өз хатында отбасымен бірге өткізген күндерін сағына еске алады. "Отбасым мен достарым туралы ойлар мені мына жерден алысқа алып кетеді де, жүрегімді бақытқа бөлейді", - деп жазған Фоули. Ол әкесімен бірге дүкенге баратынын, анасымен бірге велосипед тебетінін, аға-іні, әпке-қарындастарымен ойнайтынын еске алған.
Журналистің сөзіне қарағанда, бұлар тұтқында бір бөлмеде 17 адам отырған, солардың арқасында қиындыққа төзу мүмкін болды. "Біз кино, спорт, басқа да нәрселер туралы ұзақ әңгімелесеміз, Камерадан табылған түрлі қалдықтардың көмегімен ойындар ойнадық. Жарыстар мен турнирлер ұйымдастырдық, бізге мұның бәрі уақыт өткізуге көмектесті", - деп жазған Фоули. Ол тұтқындардың бәрі сыртқа шығарған кезде қуанатынын, бірақ әркім жеке бостандықты армандайтынын да жазыпты. Хат соңында марқұм Фоули отбасы мүшелерінің әрқайсысына жеке-жеке сөз арнаған.
Еске сала кетейік, америкалық журналист 2012 Сирияның солтүстік-батысында із-түссіз жоғалып кеткен еді. Жуырда "Ислам мемлекеті" тобының содырлары 39 жастағы Фоулидің басы кесілгені түсірілген бейнероликті жария етті. Ағылшынның арнайы қызметтері қанішердің кім екенін анықтады, олардың мәліметінше, лаңкес Джихади Джон есімімен танымал 23 жастағы Абдель-Маджид Абдель Бари болуы мүмкін. Жендет кезінде L Jinny немесе Lyricist Jinn псевдонимімен өнер көрсететін рэп-орындаушы ретінде де танылған.
Дереккөз: tengrinews.kz