Астана. 22 тамыз. Baq.kz – Еуроодақ Минскіде тамыздың 26-сында өтетін Кеден одағының саммитіне қатысатын болды. Бұл туралы Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында Еурокомиссияның ресми өкілі Шанталь Хьюз жария етті.
Минскідегі саммит Еуразиялық үштік мемлекеттері - Қазақстан, Ресей және Беларусь, сондай-ақ Еуроодақ пен Украинаның қатысуымен өтетіні белгілі. Еуроодақ атынан басқосуға Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон, сауда жөніндегі еурокомиссар Карел Де Гюхт пен энергетика жөніндегі еурокомиссар Гюнтер Эттингер қатысады, деп мәлімдеді Еурокомиссия өкілі.
Шанталь Хьюс, Еурокомиссияның ресми өкілі:
- Еуроодақ Минскіде өтетін Кеден одағы саммитіне қатысатынын ресми мәлімдейді. Біз онда негізгі үш тақырыпты талдауға ниеттіміз. Бұлар - Еуроодақ пен Украина арасындағы еркін сауда-саттықты жүзеге асыру, қыркүйек айында Украина, Ресей және Еуроодақ арасындағы газ мәселесіне қатысты үш жақты келіссөздерге қайта оралу мүмкіндігін қарастыру және Украинадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері.
Дереккөз: baq.kz