Фото: РИА НовостиЖуырда Дубайда қолайсыз ауа райы кезінде теңізге шомылуға және су спорты түрлерімен айналысуға айыппұл салуды қарастыратын жаңа заң қабылдануы мүмкін, - деп хабарлайды РИА Новости жергілікті ақпарат құралдарына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта заңның жобасы жасалып жатыр. Теңізге шомылуға болмайтынын білдіретін қызыл жалауларды ескермеген адамға қанша көлемде айыппұл салынатыны да әлі нақтыланбаған. Заңды жасаушылардың пікірінше, мұндай шаралар жайсыз ауа райы кезінде болатын қайғылы оқиғалардың санын қысқартуға септігін тигізеді.
Заң жобасы теңіз кеңістігін су спорты түрлеріне қарай бірнеше жеке секторға бөлуді де қарастырады. "Мысалы, су шаңғысы үшін арнайы аймақ, парашют пен басқа спорт түрлері үшін жеке аймақ болады", - делінген хабарламада. Бұл шара да су спортымен айналысатын адамдар арасындағы қайғылы оқиғаларға қатысты ахуалды реттеуге көмектеспек.
Бұған дейін Дубайда жаяулардың көшеден өту ережесін реттейтін заң жасалғаны хабарланған болатын. Көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен адамға айыппұл салатын заң жобасы мақұлданып, күшіне енді.
Дереккөз: tengrinews.kz