Барак Обама. Фото: ReutersМартас-Винъярд аралында жазғы демалысын жалғастырып жатқан АҚШ Президенті Барак Обама Иракта айуандықпен қаза тапқан америкалық журналист Джим Фолидің өліміне қатысты мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «24 KZ» телеарнасының Вашингтондағы меншікті тілшісі Жігер Сәрсен хабарлайды. Барак Обама «Ирак және Левант Ислам мемлекеті» террорлық тобының қасақана жасаған мұндай жауыз әрекетіне бүкіл әлем тітіркене қарады», – деп мәлімдеді.
АҚШ Президенті 40 жастағы Джим Фолидің білікті журналист, сүйікті ұл, қамқор аға және мейірімді дос екенін айтып, оның ауыр қазасы бүкіл адамзат баласының қабырғасына оңай батпайтынын жеткізді. Б.Обама «Осыдан екі жыл бұрын Сирияда кепілге алынған журналисті құтқаруға оның әке-шешесі мен аға-қарындастары бүгінге дейін барын салды. Алайда ИЛИМ-нің осы және бұған дейінгі қандықол ісі адамзат идеологиясына жатпайды. Оған құдайдың да көзі түзу болмасы белгілі», – деді.
Ақ үй қожайыны ХХІ ғасырда ИЛИМ сияқты топтардың өмір сүруіне орын жоқ екендігін баса айтты. Сондықтан барлық одақтасы мен әріптесін терроризммен табанды күреске шақырды. АҚШ Президенті «Ал АҚШ қашанда өз азаматтарын қорғансыз қалдырмайды, қорғай алады. Бұл мақсаттағы іс-әрекеттеріміз жалғасады. Джимнің жарқын бейнесі біздің есімізде мәңгі сақталмақ», – деді.
Дереккөз: 24.kz