11 тамызда қалалық қоқыс төгу орнының өзіне тән сасық иісіне тағы бір ерекше иіс қосылды – қалалық прокуратура сот орындаушылармен бірлесе отырып, БАҚ қызметкерлері көзінше үш мың бөтелке алкогольдік сусындарды жойды.
- Салық департаментінің тексерісі нәтижесінде тауарды лицензиялау талаптары, таңбалау ережелері, сақтау мерзімдері және сақтау жағдайлары бұзылған алкогольдік өнімдер (арақ пен сыра) партиясы анықталды, - деп түсіндірді Атырау қаласы прокурорының көмекшісі Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ. – Хаттамалар негізінде дайындалған материалдар сотқа жолданды және судьялар бұл іс бойынша айыппұл және өнімді мемлекет пайдасына тәркілеуге шешім шығарды. Бұл тек бастамасы ғана, бүгін тәркіленген тауардың бір бөлігі ғана жойылып жатыр, әлі келесі бөлігі бар.
- Тәркіленген затты осылайша жоюдың мемлекетке қандай пайдасы бар?
- Кері өткізу шығындары – сақтау, тасымалдау, өнімді бағалауға кететін қаржылар өнімнің өз бағасынан асып кетеді, яғни, ол сәйкесінше, мемлекет пайдасына айналдыруға жатпайды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ