Атырау, 27 қараша 12:46
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +4
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Пойыз жолаушыларын құтқарғаны үшін марапатталды

1 904 просмотра

4 тамызда облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ үстіміздегі жылдың сәуір айында апатқа ұшыраған «Алматы-Атырау» пойызының жолаушыларын құтқаруда көзге түскен түрлі қызмет органдары қызметкерлерін марапаттады.

Естеріңізге салсақ, 19 сәуірде Қызылқоға ауданы аумағында «Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызының 13 вагоны рельстен шығып кетті. Жеті вагон жанымен құлады. Пойыз ішінде 586 жолаушы және 26 жолсерік болған. Ал соңғы вагонда 52 әскер қатарына шақыртылған жас ұлан Атырау шекара отрядына келе жатқан. Жағдайды тез бағамдаған олар бірден басқа жолаушыларға көмекке ұмтылды.

Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Болатбек ОМАРОВеске салғандай, темір жол апаты Жантерек және Кенбай бекеттері арасында (Мақаттан 80 шақырымдай жерде) орын алған. Оқиға орнына Атырау облыстық ТЖД, Батыс өңірлік аэромобильдік жасағы, Апат медицинасы орталығы, ТЖМ авиациясы күштері мен құралдары (69 адам, 12 техника, 2 тікұшақ), сондай-ақ, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-тың екі жөндеу пойыздары жөнелтілді. «ДоссорМұнайгаз», «ҚайнарМұнайгаз», «ЕмбіМұнайгаз», «ЕмбіМұнайЭнерго» және «Мақат ЖЖБ» ұйымдары да өз көмек қолдарын созды. Апат орнында 40 медицина қызметкері және алты жедел жәрдем бригадасы, 160 полиция қызметкері жұмыс жасады. Зардап шеккендер жақын маңдағы Мақат аудандық ауруханасына жеткізілді, сол жерде оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. ТЖМ авиациясы Атырау қаласына 8 адамды жеткізді, олардың үшеуі аурухана жатқызылды.

Мақат ауданының әкімі Ерболат ОМАРОВ, №2016 шекара жасағының ефрейторы Жасұлан РАЙЫМБЕКОВ және кіші сержант Азамат БИМҰҚАШЕВ «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюда көзге түскені үшін» медалімен марапатталды. Мақат аудандық ТЖБ-ның өрт сөндіру бөлімінің басшысы Жамбыл ҚОСЫМБАЕВ, Қызылқоға ауданы ТЖБ өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Жеңіс ЕГІЗБАЕВ, осы қызметтің прапорщигі Дүйсенғали ТАСАНОВ, сондай-ақ, №2016 шекара отрядының қатардағы жауынгерлері Досжан ЖҮРСІН, Қалнұр ӘЗБЕРГЕН, Қасымбек ЫДЫРЫС жәнеМұхит КОНТБЕКОВ «Құтқару операцияларына белсенді араласқаны үшін» төс белгілеріне ие болды.

Сонымен қатар, бірнеше лауазымды тұлғалар облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

6 тамыз 2014, 10:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.