Нұрсая ықшам ауданындағы спорт алаңқайына ересектер мен балалар күн сайын кешкі сағат 6-да жиналған болатын.
Жақында аулаға карате секциясының балалары келіп, өз спорттары жөнінде әңгімелеп, түрлі тәсілдерін көрсетті. Бұған дейін балалар ата-аналары, әжелері мен аталарымен қосылып, «Ақсерек-көксерек» ойнаған, ал бүгін бүлдіршіндер үйлері маңындағы тас жолдарды әр түрлі түске бояп жатыр. Жеңімпазға сыйлық бар.
Көршілері бір-бірімен тек сырттай ғана таныс емес, отбасыларымен етене араласып, жылдар бойы достасып кететін, мерекелерді тұтас үй болып атап өтетін кеңестік кезеңдегі аула дәстүрлерін қайта жаңғыртуды «Біздің болашағымыз бақытты отбасында» жобасының ұйымдастырушылары қолға алды.
- Атырауда балалар алаңқайы да, ойын аймағы да, спорттық құрылғылары да жоқ бос жатқан аулалар көп. Ата-аналар да жұмыстарынан шаршап келіп, балаларына көп көңіл бөле бермейді. Біз ата-аналарды балаларымен жақындастырып, барлығын аулаға шақырып, көршілермен таныстырайық деп шештік, - дейді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы Атырау өкілдігінің жетекшісі Нұржан ӨТЕПБАЕВ. Бұл – жалпыұлттық акция, Қазақстанның барлық қалаларында жүргізіледі.
Жобаның бюджеті үлкен емес, алайда оларға «Жас Отанның» жастар қанаты мен «Еріктілер корпусы» көмектесті. Жас қыздар мен жігіттер балалармен бірге биледі, ойнады, сауалнамалар жүргізді. Балалардың көңілді сауықтарын сырттай қызықтап отырған ата-аналар да ойынға араласты, ал аталар мен әжелер қолқа салуды қажет етпей, қосылып кетті.
- Ықшамаудан кездейсоқ таңдалған жоқ, бұл жаңа үйлер, адамдар бір-бірін жақсы білмейді. Көпшілігінің балаларын лагерьлерге жіберіп, алысқа барып демалып қайтатын мүмкіндіктері жоқ, - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Жоба 22 шілдеде аяқталды, алайда ұйымдастырушылар уақыттарын белсенді өткізуге үйренген нұрсаялықтардың енді кешке қарай үйде отырмайтындықтарына сенімді. Әсіресе, балалар жағы.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ