Мықты Настя
Қостанай облысының Лисаковск қаласында 1996 ж.т. және одан кіші жасөспірімдер мен қыздар арасында ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтті.
69 келіге дейін салмақта облыс намысын Анастасия Бурова қорғады. Ол жұлқа көтеруде 75 келі және серіппеде 93 келі көтеріп, алтыннан алқа тақты. 56 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен Атыраудың тағы бір өкілі Нұргелді Ноғайбек 9-орынға табан тіреді. Спортшылардың жаттықтырушысы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тахир Халматов (Алматы).
***
Жеңімпаз жігіттер
Орал қаласында өткен отырып ойнайтын волейболдан ел чемпионатының 2-турында «Атырау» командасы жақсы өнер көрсетті.
Команда 1-турдағыдай барлық матчтарда 3:0 есебімен ұтып, турнир кестесінде көш бастады. «Атырау» командасының мүшелері Қазақстан құрамасының негізгі ойыншылары екенін атап өткен жөн. Қыркүйек айында олар ел құрамасы сапында Кореяның Инчхон қаласында өтетін Параазиаттық ойындарға қатысады. Ел чемпионатының үшінші қорытынды туры қазан айында өтеді.
***
«Бейбарыс» жаңарды
16 шілдеде «Бейбарыс» хоккей командасы Латвияға оқу-жаттығу жиынын өткізуге кетті. Ол жерде команда бірнеше жаттығу матчтарын өткізіп, жаңа келген ойыншыларды тексеретін болады.
Биылғы маусым аралық үзілісте команда құрамы үлкен өзгеріске ұшырады. Алғаш рет жүлде ала алмаған 2013-2014 жылғы сәтсіз маусымнан командадан Альберт Вишняков, Александр Зубков, Вячеслав Трясунов, Мартин Херман, Армандс Берзиньш, Илья Акользин, Марек Лацо, Алексей Данилов, Максим Игнатович және команда капитаны Артем Аргоков кетті. Бұрынғы ойыншылардан Михаил Качулин, Олжас Қожанбек, Георгий Дульнев және Илья Гуляков қалды. Командадан кеткендердің орнына Александр Куклин, Марис Ючерс, Дмитрий Степанов, Никита Буценко, Андрей Захаров, Александр Михеенок, Кирилл Сотников, Евгений Мошкарёв, Николай Ладыгин, Элиэзер Щербатов, Михаил Козлов, Виталий Николаев, Евгений Жданов, Азал Мамбеталиев, Владимир Ничипуренко және Асхат Баубековтер келді.
Бас бапкер Александр ИСТОМИННІҢ айтуынша, команданың нақты құрамын 24 тамызда өтетін Қазақстан Кубогының алдында ғана жария етеді.
***
Болашақ чемпионға ғана есе жіберді
Венгрияның Печ қаласында студенттер арасында грек-рим күресінен әлем чемпионаты өтті.
Қазақстан құрамасының сапында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2010 жылғы Азия чемпионы, 4-БЖСМ-нің 24 жастағы шәкірті Илья Настойченко (суретте) өнер көрсетті. 98 келіге дейін салмақтағы Илья алғашқы белдесуінде молдаван Марин Казачейді ұтып, жартылай финалда болашақ чемпион, венгр Иван Неметке ұпай айырмасымен есе жіберді. Ал ынталандыру раундында ресейлік Александр Конновтан басым түсті. Нәтижесінде – «қолаға» ие болды.
- Бұл жетістікке жетуге 4-БЖСМ директоры, 2013 жылғы шеберлер арасында самбодан әлем чемпионы Аманбай Қыздарбаевтың қосқан үлесін атап өткеніміз жөн, - дейдігрек-рим күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Рашид МУСИН. - Өткен жылы біз 1-ОРМБЖСМ-нан 4-БЖСМ-ге болашағынан зор үміт күттіретін екі палуан – И. Настойченко мен Азамат Өміржановты бапкерлері Батырбек Баймұратов және Амантай Нұрқаділовпен бірге берген едік. Азамат биыл Қазақстан чемпионы атанып, Азия Ойындарына жолдама алды. Илья да сыннан сүрінбей өтті. А. Қыздарбаев - спортты дамыту үшін үлкен еңбек сіңіріп жүрген азамат. Демеушілер тауып, 4-БЖСМ-ге олимпиадалық палуандар кілемін алды. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар.
Суреттер «ЖС» мұрағатынан алынды
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ