2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақымен қамтудың ынтымақтас және жинақтау жүйелеріне қатысу өтілі есебімен базалық зейнатықыға бір мәрте қайта есептеу жүргізілетін болады.
Егжей-тегжейін білу үшін біз бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Мәншүк ЛЕПЕСОВАҒА хабарластық. Оның айтуынша, Атырау облысында бүгінде 48 748 зейнеткер бар.
– Бүгінгі күні барлық зейнеткерлерге еңбек өтілі мен еңбекақысына қарамастан 10 450 теңге аударылады. Бұл базалық зейнетақы төлемі. Зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасы жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақыны тағайындауды қарастырады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 10 жылға дейін еңбек өтілі бар зейнеткерлерге күнкөріс минимумының 50 пайызы есептеледі, еңбек өтілі 10 жылдан жоғарылар - әрбір жыл үшін тағы 2 пайыз алатын болады. Мәселен, 20 жылдық өтілі болса, күнкөріс минимумы мөлшерінің 70 пайызы есептеледі; 35 жыл және одан көп өтілі барлар күнкөріс минимумы мөлшерінде зейнетақы алатын болады.
- 2018 жылдан бастап жұмыс берушілерді өз қызметкер-леріне бес пайыздық зейнетақы жарнасын аударуға міндеттеп отыр. Бұл қандай мақсатта жасалуда?
– 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналарына қосымша еңбекақы қорының 5 пайызы мөлшерінде міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ) енгізілді. Мұнда жұмыс берушілер МКЗЖ-ні тек зиянды санатқа жатқызылған өндіріс түрлері бойынша және онда жұмыс жасап жатқан тұлғаларға есептейді.
Ал 2018 жылдан бастап өз қызметкерлері үшін бес пайыздық жарнаны жұмыс берушілердің барлығы аударатын болады. Зейнетақымен қамту баламалылығын сақтау үшін 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы компонентін енгізу ұсынылады.
Мұнда қатысушыларға - өз қызметкерлерінің пайдасына жұмыс берушілер қызметкер табысының мөлшеріне қарай міндетті 5% зейнетақы жарнасын аударатын болады.
Әрбір жүйеге қатысушы үшін БЖЗҚ-да аударылатын жарналар сомасы мен зейнетақы жинақтары белгіленетін жеке зейнетақы шоты ашылады.
Жинақ шартты болып табыла-ды, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды.
Зейнетақы жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі бес жылдан кем болмаған жағдайда тағайындалады. Зейнетақы өмір бойы төленеді және мұраға қалдырылмайды.
Инфляция деңгейі есебімен жарналардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдеме шартты-жинақтау компонентіне қолданылмайды.
Жазып алған Сәуле ТАСБОЛАТОВА