15 шілдеде «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешені маңындағы қалалық жағажайда қайғылы оқиға орын алды.
Облыстық судан құтқару қызметі бастығының орынбасары Самат ҚҰМАШЕВТЫҢ айтуынша, 18 сағат 15 минутта жағажайда 9 жасар баланың суға батып кеткені туралы қоңырау келіп түскен. Келіп жеткен сүңгуірлер санаулы минуттарда су астындағы баланы тауып алып, жағаға шығарып жасанды тыныс алдырған. Содан кейін оны жағажайға жеткен «жедел жәрдем» бригадасы қолдан дем алдырып, тірілтуге қанша тырысқанымен, бәрі де кеш болатын.
Куәгерлердің айтуынша, балақай жағажайға ата-анасымен бірге келген. Ол су астына жоғалған сәтте, жағажайда 25 жас шамасындағы жас жігітті жағажай құтқарушылары өзеннен шығарып алып, абыр-сабыр болып жатқан. Сондықтан баланың суға кетіп қалғанын ешкім де байқамай қалып, уақыт өткізіп алған. Жас жігітке келер болсақ, ол есін жиған бойда кетіп қалыпты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ