Атырау, 27 қараша 11:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«АЖ» жариялаған футбол бәйгесінде 3 жеңімпаз анықталды

1 361 просмотра

Естеріңізге салсақ, газетке салынған бланкідегі үш сұраққа жауап беру керек еді: финалда қандай екі команда ойнайды, кім әлем чемпионы болады және осы матч қандай есеппен аяқталады?

Бұл жайдан хабарсыз адамдар үшін: 13 шілдеде Рио-де-Жанейро қаласындағы «Маракана» стадионында футболдан әлем чемпионатының финалдық матчы өткен болатын, онда Германия мен Аргентина құрамалары кездесіп, ойын 1:0 есебімен бундестимнің пайдасына шешілген еді.

Сонымен, бәйгеге 309 бланк келіп түсті. Оларды мундиал аяқталғаннан кейін қарау барысында 16 бланкіде финалдық жұп дұрыс көрсетілген, бірақ жеңімпазды дәл таба алмаған, 20 бланкіде финалдық жұп пен жеңімпаз дәл анықталып, есеп дұрыс табылмаған (2-0, 2-1, 3-1, 3-2, негізгі және қосымша уақытта 1-1, ойыннан кейінгі пенальтиде Германия жеңеді деген нұсқалар болды). Үш адам ғана дәл болжам жасады! Олар: Доссор ауылының 14 жастағы тұрғыны Мақсат МАРАБАЕВ, Атырау қаласының тұрғындары Азамат МӘЖИТОВ пен Нина ТЕМІРБАЕВА.

Бәйге талаптарында дәл табылған болжам бірден көп болса, 100 000 теңгелік сыйлық жеребе бойынша сарапқа салынады деп жазылған. Сондықтан да біз үш жеңімпазды редакцияға шақырып, тілшілеріңіздің бейсболкасынан аталмыш сома жазылған қағазды суыруды сұрадық. Бұл жерде сәттілік Жұмыскер-2 ықшамауданының тұрғыны Азамат Мәжитов (суретте)жағында болды.

Азамат Қарабатандағы «Болашақ» зауытының диспетчерлік қызметінде оператор болып жасайды. Ол – футбол жанкүйері, «Аджип ҚКО» компаниясы ұйымдастырған барлық турнирлерге қатысады, сондай-ақ, үлкен теннис те ойнайды екен. «АЖ» бәйгесі туралы естіген бойда 300 теңгеден екі газет сатып алған, екінші бланкіге Германия-Голландия (2:1) құрамаларын жазған. Бір-екі күн бұрын Азамат букмекерлік кеңседен үлкен тенниске бәс салып, ірі сома ұтып алған екен. Оның пікірінше, егер белгілі бір спорт түрін жақсы білсең, жиі бәс тігіп тұруға болады.

Ал біз, өз кезегімізде, болжам жасау талаптарын көп жеңілдеткенімізді естеріңізге саламыз. Финалдық жұп пен чемпионды 32 команда ішінен емес, қалған 13 командадан таңдауды ұсынған едік.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

16 шілде 2014, 09:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.