15 шілдеде №2 Атырау қалалық соты 20 жастағы жалған лаңкес Зарина ЖАМАНТАЕВАҒА үкім шығарды. Ол осы секілді қылмыс жасағаны үшін әйелдер колониясында жазасын өтеуде. Сотталушының әрекетін сот қауіпті қылмысты қайталау деп танып, 4,5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Биылғы жылдың 8 сәуірінде кешкісін УГ/157/11 жалпы режимдегі колонияның сөйлесу пунктінде сотталушы Жамантаева «Қазақтелеком» таксофонынан Атырау қалалық ІІБ жедел басқару орталығының «102» нөмірін теріп, теміржол вокзалы ғимаратында жарылғыш құрылғы бар екенін хабарлаған. Осы хабарламадан кейін вокзал ғимаратынан 250-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, алайда қауіпті ештеңе таппады. Тергеу барысында әйел бұзақылық пиғылмен қылмыс жасағанын мойындады.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Жамантаева Ақтөбе облысының тумасы. 2011 және 2012 жылдары ҚР ҚК-нің 175-бабының 1-тармағы («Ұрлық») және 175-бабының 2-тармағының «а» тармақшасы («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған ұрлық») бойынша екі мәрте тергеуге алынған. Екі мәртеде де ақтөбелік соттар тараптардың ымыраласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығарған. 2013 жылдың 4 желтоқсанында оны №2 Ақтөбе соты ҚР ҚК-нің 242-бабы бойынша («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») 3 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Қазіргі 4,5 жыл мерзім үкім жария етілген сәттен бастап күшіне енді.
Атырау қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Серік ЖАҢАБАЕВТЫҢ айтуынша, жыл басынан бері терроризм туралы төрт жалған хабарлама фактісі тіркеліпті. Олар бойынша қылмыстық істер қозғалып, екі тұлғаға қатысты айыптау үкімі шығарылған.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ