Атырау, 27 қараша 09:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Үздік ауыл дәрігері

3 409 просмотра

Медицина қызметкерлері күнінде Қызылқоға ауданы, Миялы ауылдық ауруханасының  невропатолог-дәрігері Гүлзира ҚАЗИ (суретте)  ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің «Үздік ауыл дәрігері» атағына ие болды. 

Гүлзира кішкентайынан дәрігер болсам деп армандаған. Қуыршақтарын алдына «ауырып келген» емделушілер ретінде елестетіп, оларды емдеп, жазып шығаратын.  Гүлзира мектепті бітірген соң Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы медициналық академияға түсіп, кейін бір жыл невропатолог мамандығы бойынша интернатурадан өтіп, 2004 жылы академияның курсын толық бітіріп шығады.

- Мен бірден туған ауылыма оралам деп шештім. Себебі, облыс орталығынан тым шалғай жатқан біздің ауданда дәрігерлер өте қат болатын. Тәжірибелі мамандар зейнеткерлік демалысқа шықса да, жас мамандардың жоқтығынан жұмыстарын жалғастырып жүрді, - дейді Г. Қази.

Гүлзира невропатолог мамандығы бойынша Миялы ауылдық ауруханасына жұмысқа тұрады. Қазір ол емханада да жұмыс істейді.

Бұрын Гүлзира үшін жұмысқа жету мұң болатын. Ол төрт жыл бойы Жанкелдин ауылынан қатынап жұмыс жасады. Көлік те үнемі бола бермейді, ондайда жаяу да жүрді. Қанша қиналса да, Гүлзира туған жерден кету туралы ойламайтын. Көп кешікпей Гүлзираға Миялы ауылынан баспана берілді. Тұрмысқа шықты, үш баланың анасы атанды.

Гүлзира ауыз су сапасының төмендігінен адамдар арасында түрлі аурулардың көбейіп отырғандығына қатты алаңдайды. Бас миының ісігі, остеохондроз, ас қорыту жүйесінің бұзылуы жиі кездесе бастады.  

- Ауданда өте шалғай жатқан ауылдар мен елді мекендер жетерлік. Ондағы науқастардың аудан орталығына жетуі қиын, көлік те бола бермейді. Сондықтан айына екі рет ауылдарды аралауға тура келеді. Әрине, оңай емес, бірақ біз оларға бармасақ, олар бізге келе алмайды. Олармен байланысты үзбеуге тырысып жүрміз, - дейді Гүлзира.

Осындай ауыртпалығы мол жұмыстың арасында Гүлзира медицинаның бір орында тұрмайтынын естен шығармайды, кәсіби білімін жетілдіру семинарларына жиі қатысып тұрады. 

Гүлзира республиканың үздік ауыл дәрігері деп танылғанына өте қуанышты.

- Менде мұндай марапатқа ие болам деген ой болған емес. Дегенмен, бұл жеңіс мені қанаттандырып, алдағы жұмысыма тың серпін беріп отыр, - дейді ол.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

10 шілде 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.