«Атырауинжстрой» жол-құрылыс компаниясының техникалық директоры Валерий КУДРЯКОВ «АЖ»-ға Қазақстан-Ресей форумына дайындық аясында Атырауда басталған жол жөндеу жұмыстарының барысы туралы әңгімелеп берді.
- Бүгінде қалалық әкімдік пен орталық көпір аумағында орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. 15 маусымға дейін Сәтпаев даңғылының тақ жағына жаңа асфальт төселетін болады. Ал, Сәтпаевтағы жол жөндеу жұмыстарын толықтай маусым айының аяғында бітіреміз.
В. Кудряковтың айтуынша, 15 шілдеге дейін қазір жүріп жатқан әуежай трассасын қайта төсеу жұмыстары аяқталып, Мостовой жырасы арқылы өтетін көпір кеңейтіледі. Осы уақытта әуежай алдындағы алаңды аббаттандыру жұмыстары да жүргізіледі. Бұдан кейін жолшылар Азаттық даңғылындағы жолды жөндеуге кіріседі және мұны тамыз айының аяғында бітіреді. Сондай-ақ, тамыздың соңына дейін Абай көшесі де жөнделеді. Махамбет көшесін жөндеу қыркүйек айына қалдырылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА