Атырау, 5 мамыр 09:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

АІІБ бастығының өліміне туыстары қаржы полициясы кінәлі деп отыр

4 059 просмотра

Қаржы полициясы ұстаған, кейіннен құрылыс алаңында өлі табылған Исатай АІІБ бастығы Алтынбек ҚҰБАЙДУЛЛИННІҢ («Полицейдің өлімі: қылмыстық іс қозғалды») туыстары 27 мамырда ашық аспан астында екінші баспасөз-конференциясын өткізді.

Әкесі Қалыбай ҚАРАЖАНОВ:

- Қаржы полициясының қызметкерлері заңсыз ұстағаннан кейін ұлымның өлі табылғанына қырық күн өтті. Қаржы полициясы департаменті бастығының жедел топ құру туралы бұйрық бермегендігі анықталды. Сонда олар менің Алтынбегімді ұрлап әкеткен болып тұр ғой.

Прокуратурадағылар қаржы полициясы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істің қозғалғанын айтып, қылмыстық іске кімді тартатынымызды білмей отырмыз дейді. Алайда ғаламтор Алтынбектің ұсталғандығы көрсетілген бейнежазбаларға лық толы. Оны ұстаған бес офицердің жүздері көрініп тұр. Сонда прокуратурадағылар кімді тартуды білмей ме? Оны содан кейін департаментте 16 сағат заңсыз ұстады ғой.

Алтынбек қаржы полициясынан әйеліне қоңырау шалып, жүз мың доллар дайындауды өтінген. Сол күні келінім қарындасымның пәтері мен Индердегі кафені кепілдікке салды. Осы туралы құжаттар дәлел ретінде облыстық прокуратураға ұсынылды. Осыдан кейін мен Бас прокуратураға әлденеше рет хат жаздым, сонша мәрте менің хатымның облыстық прокуратураға жолданғандығы туралы жауап келді. Егер азаматтардың хатымен жете танысумен айналыспайтын болса, Бас прокуратураның не қажеті бар?

Құбайдуллиндер отбасының адвокаты Мақсот ТӨЛЕНБАЕВ:

- Менің арызым бойынша облыстық прокуратура ҚР ҚК-нің 346-бабы («Көрiнеу заңсыз ұстау, қамауға алу немесе қамауда ұстау») бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұдан басқа облыстық прокуратурада Құбайдуллинге қатысты ҚР ҚК-нің 311-бабының 2-тармағы («Лауазымды адамның пара алуы») бойынша қаржы полициясы қозғаған қылмыстық іс пен ҚР ҚК-нің 102-бабы («Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бойынша облыстық ІІД қозғаған қылмыстық іс жатыр.

Мен облыстық прокуратураға ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-тармағын 346-баптың 3-тармағына («ауыр зардаптарға әкеп соққан көрiнеу заңсыз ұстау») өзгерту туралы арыз бердім. Алайда көлегейленген бас тарту жауабын алдым. Сонымен қатар мен Құбайдуллиннің жұбайының адвокатымын және облыстық прокуратурада одан жауап алған кезде бірге болдым. Сол жерде ол Алтынбектің қаржы полициясынан оған қоңырау шалып, жүз мың доллар жинап қоюын өтінгенін айтты. Сол күні түнде ол туыстарына ақша жинауға жүгірген. Менің бұл сөздерге баға беруге құқығым жоқ.

А. Құбайдуллиннің жесірі Ақжібек САБЫРҒАЛИЕВА:

- Күйеуімнің о дүниелік болғанына бір айдан астам уақыт өтті. Ал облыстық прокуратура кінәлі жандарға – қаржы полициясы департаментінің басшыларына да, оны ұстаған жедел топ мүшелеріне де қатысты шара алмай отыр. Олар кімді жауапкершілікке тарту керектігін білмейміз дейді. Бұл күлкілі нәрсе ғой... Менің күйеуімді өлтіріп тастады деп есептеймін. Алтынбек қандай жағдай болса да өз-өзіне қол жұмсамас еді.

Осы баспасөз конференциясы фактісі бойынша қаржы полициясының департаменті «АЖ»-ға төмендегі комментарийді жолдады: «Жедел-іздестіру шараларының нәтижесі бойынша Исатай аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің балықтың тыйым салынған түрлерін заңсыз аулауға қамқорлық көрсету тұрғысында заңға қайшы әрекеттер жасау фактілері расталды. Осыған байланысты аталмыш АІІБ қызметкерлеріне қатысты әрі қарай қылмыстық қудалауды тоқтату үшін негіз болған жоқ».

Қаржы полициясы қызметкерлерінің қылмыстық қудалауды тоқтату үшін ақша талап еткендігі туралы ақпарат шындыққа сай келмейді. Қазіргі кезде Исатай АІІБ қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іске облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасы тергеу жүргізуде».

Қазір абоненттерді анықтау және кез-келген телефон әңгімелері мен смс-хабарламалардың мазмұнын анықтау оп-оңай екенін және құқыққорғау органдары мұны өз жұмыстарына көптен бері қолданып келе жатқанын айта кеткім келеді. Алайда қазіргі заманауи технология АІІБ бастығының жұмбақ күйде ауруханадан қашып кетіп, жұмбақ күйде өмірден өткенін анықтап бере алар ма екен?

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

28 мамыр 2014, 10:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.