Қала басшылығы атыраулық Канистерапия орталығына орынжай таба алмады. Әкімдік жақында Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВҚА ресми бас тарту хатын жіберді.
Естеріңізге салсақ, «Атырау. Маленькая страна» клубының директоры Ерлан Күмісқалиев Атырауда Қазақстанда алғаш рет БЦС-пен, аутизммен, Даун синдромымен ауыратын, психикалық дамуы тежелген балаларды дәрімен емес, мейірімді иттердің көмегімен емдейтін Канистерапия орталығын ашты («Сабалақ айболиттерге үй керек»). Бұрын орталық «Тамаша» сауда ойын-сауық орталығында жұмыс жасады, алайда, 1 мамырдан бастап оған жаңа орынжай керек болды. Бұл жағдайды естіген қала халқы өз әлдерінше көмек қолын созуға тырысты: бірі орынжай жалдау ақысын төлейік десе, бірі жеке сектордағы қосалқы үйлерін ұсынды. Алайда орталық биліктің көмегіне жүгінуді жөн көрді: бұл жерде отандық медицина қауқарсыз болып отырған балалармен тегін жұмыс жасалады, баласының денсаулығы үшін (көбіне жалғыз) күресіп отырған аналарға қолдау көрсетіледі.
- Біз Атырауда канистерапияны жаңа деңгейге көтеруге болатындай тәжірибе жинадық, біз өз жұмысымызда түрлі семинарлардан алған біліктіліктеріміз бен өз әдістемелерімізді қолданамыз, - дейді Ерлан Күмісқалиев.
Ерлан орталықтың басқа қызметкерлерімен бірге Мәскеудегі «Солнечный пес» канистерапия орталығында тәжірибе алмасты, Ресейдің басқа қалаларындағы осындай қызмет көрсетіп отырған мүдделестерімен танысты.
- Атырауда біздің көмегімізге мұқтаж болып отырған балалар өте көп, сондықтан да біз өзіміздің Федя, Форбс және Дуся есімді үш лабрадорымыздан бөлек тағы да бірнеше иттерді жұмысқа тартпақшымыз. Жақында итбегілер клубында «Стелла Фиделс» қоғамының (Саратов – Самара) кеңесшісі Ирина АНТОНОВА-КАРМАЕВА семинар өткізді. Ол біздің төрт аяқты көмекшілерімізді белгілі критерийлер бойынша бағалап, оқытты. Нәтижесінде тағы төрт төбет – екі лабрадор, сенбернар және ақ швейцар овчаркасы іріктеуден өтті, енді біз оларды терапевт рөліне үйретеміз, - дейді Ерлан.
1 маусымда жер-жерде Балаларды қорғау күні атап өтілмек. Ерланның айтуынша, ерекше балалар адамдардың көп жиналуын, қатты музыканы көп ұнатпайды. Сондықтан да олар бұл мерекені өздерінше ерекше, достары Федя, Форбс және Дусяның қасында атап өтпекші. Балалар, сондай-ақ, жаңа «докторлармен» танысады. Ал осы мерекеде сәбилер үшін ең үлкен сыйлық Канистерапия орталығына орынжай ұсыну болар еді...
Зульфия ИСКАЛИЕВА