Атырау, 26 желтоқсан 13:12
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Кәне, қосыл әнұранға!

5 327 просмотра

Бүгін Қазақстан өзінің 19 жылдық тәуелсіздік мерекесін атап өтіп жатыр. Әрине, бұл Қазақстан үшін ең маңызды әрі мұңды мереке (1986-ның желтоқсаны есімізде). Атыраулықтар бұл күнді қалай қарсы алмақ?

Шындығына келгенде атыраулықтар үшін мереке 15 желтоқсанда басталып кетті. Жоқ, өрекпімей-ақ қойыңыз, ешкімді ерте жұмыстан жіберген жоқ. Тек атыраулықтар ұжымдарымен бірге біреулері кеңселерінде, біреулері сыртта бір сағатта елдің әнұранын шырқады. Мұны ұйымдастырған қала әкімшілігі осылайша тәуелсіздік күні атырауықтардың патриотизімін арттырмақ болған. Қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Есенжан КЕРІКОВТЫҢ айтуынша 15 желтоқсанда Атыраудағы барлық мекемелер, оқу орындары мен мектептер, бала-бақшалар бір мезетте ел әнұранын шырқаған. Әрине, ешкімді ешкім зорлаған жоқ, әркім өз әлдерінше әнұранды әуелетті.

- Бұл - патриоттық акция. Оның мәні әр қазақстандықтың біртұтас халық өкілі екендігін сезіндіру болып табылады. Әрі қаламызда еңбек етіп жатқан шетелдіктердің ЕҚҰЫ саммитін жоғары деңгейде өткізген қазақстандықтарға деген құрметін арттыра түсуге бағытталып отыр, - деп түсіндіреді Керіков мырза.

Елдің патриоттық рухын көтеруге шақырған қала әкімдігінің ұсынысын жерде қалдырмағандардың бірі - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Атыраудағы еншілес мекемелері «Қазтрансгаз» бен «Қазтрансойл» (Тұрғынүй қалашығы көпірі тұсындағы «кітапша» ғимаратында) компаниялары болды. Таңертеңгі сағат 9-дан есік алдына аппаратураларын қондырған компания қызметкерлері айтылған уақытта әнұранды шырқады (суретте “АЖ”-ның 1-бетінде).

Әйтеуір, абырой болғанда бұл бастамаға ашық қарсы шыққан ешкім болған жоқ. Анда-санда мінез көрсетіп қоятын оппозиция да ештеңе демеді. Патриотизмді дамытуға кім қарсы болсын? Олардан бөлек басқа шетелдік компаниялар да бұл акцияны қолдаған көрінеді. Әрине, экспаттардың Қазақстанның патриотизімінде шаруасы қанша? Бірақ отандық қызметкерлер әлдері келгенше әнұранды орындады деп хабарлайды қалалық ішкі саясат бөлімі бастығы Есенжан Керіков.

Әрине, қалалық әкімшілік қызметкерлерінің өздері де бұл акциядан тыс қалған жоқ (суретте). Бірақ олардың кейбірінің қағаздан оқып тұрғандарын көріп, әнұранды білмейтін шенеуніктің де болатынына таң қалдық. Ал облыстық әкімшіліктегілер бұндай акцияны естімегендерін айтады.

МЕРЕКЕ ЖАЛҒАСЫ

Тәуелсіздік күнгі шаралар 16 желтоқсанда ары қарай жалғасатын болады. Алдымен 16 желтоқсанда сағат 11-де Исатай-Махамбет алаңына жиналған халық Қазақстан Республикасының әнұранын бірігіп айтатын болады. Тағы да қалалық ішкі саясат басқармасы бастығының сөзіне жүгінсек кемінде 5-6 мың адам әнұран шырқайтын көріне-ді. Содан соң республика туын ұстаған салт аттылар шеруі Сатпаев-Тайманов көшелерімен жүріп өтеді. Олардың соңын Қазақстан туын желбіреткен «Toyota Pick Up» мінген автомобильшілер легі жалғастырады. Содан соң мотоциклистер жүреді. Дәл осы сәтте Мұз айдыны тұсынан Исатай-Махамбет алаңына дейінгі марафоншылар жүгірісі басталады. Оған 200-ге жуық әр түрлі жастағы қалалықтар қатысады деп күтіліп отыр.Ал сағат 14.00-16.00 аралығында облыстық Н.Жантөрин атындағы филармония ұжымының концерті болады. Оны ары қарай 16.30-ға дейін Батыс әскери гарнизонының «Тәуелсіздік қалқаны» деп аталатын қойылымдары жалғастыратын болады. Мерекенің тұздығы кешкі 19.00-22.00 аралығындағы респбликалық және жергілікті эстрада жұлдыздары қатысуымен өтетін концерт болмақ. Салтанатты түнгі 22.00-дегі от шашу қорытындылайды.

Бір сөзбен айтқанда қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығының сөзіне сүйенсек төрт күнгі демалыста  әйтеуір ешкімнің іші пыспайтын көрінеді. Анда-мұнда алаңдап та әуре болмайсыз. Барлық шара Исатай-Махамбет алаңдарында өтетін болады.

Сания Тойкен

16 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.