Бүгін, 24 сәуірде қаржы полициясы Исатай аудандық АІІБ бастығы Алтынбек ҚҰБАЙДУЛЛИННІҢ белгісіз бағытта бой тасалағаны жөнінде БАҚ үшін ақпарат таратты. Демек, «АЖ» жариялаған ақпарат расталып отыр («Ұсталған АІІБ бастығы ауруханадан қашып кетті»).
«Үстіміздегі жылдың 21 сәуірінде Атырау облыстық қаржы полициясының департаменті пара алу фактісі бойынша Исатай аудандық АІІБ бастығы азамат Қ.-ға қатысты қылмыстық іс қозғады. Сол күні жауап алу барысында ол денсаулығының нашарлағанына шағымданған соң, медициналық жедел жәрдем шақыртылған. Дәрігерлер күдіктінің қан қысымының көтеріліп кеткенін тіркеген.
Соған байланысты азамат Қ. Атырау қаласының медициналық жедел жәрдем ауруханасына (БСМП) жатқызылған. Сондықтан күдіктіге қатысты ұстау түріндегі процессуалды мәжбүрлеу шарасы қолданылмаған. Тыйым салу шарасы да таңдалмаған.
Күдікті медиицналық көмек алған соң аурухананы тастап, белгісіз бағытта жасырынған.
Қазіргі уақытта тергеу-жедел шаралары жалғасуда. Әрі қарай тергеу әрекеттерін жүргізу үшін оның қай жерде екені Атырау облыстық ІІД-нің ішкі қауіпсіздік басқармасымен бірлесе отырып, анықталатын болады. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА