Атырау, 25 қараша 00:39
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Экс-әкімнің ісі: Орындықтағы көлеңке

5 174 просмотра

Процесс басталғалы алғаш рет сотталушылар жауап бере бастады. «Жекешелендіру» блогы бойынша 17-20 наурыз аралығында облыстың бұрынғы бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТЕН, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар ӘБДІРОВТЕН, қаржы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВТЕН, қала әкімі Асқар КЕРІМОВТЕН жауап алынды.

 

ЕСІМІҢ БЕЛГІЛІ....

Егер осыған дейін түрлі деңгейдегі бұрынғы және әсіресе, қазіргі шенеуніктер «маған жоғарыдан» және «басшылықтан нұсқау келді» деген жалтарма жауапты жөн көріп, осы есімнен қашқақтаған болса, соңғы күндері зал ішінде тергеу жорамалы бойынша басты «қуыршақ ойнатушының» аты тікелей айтылатын болды. Айыпталушылар орындығында отырмаса да, сот залында көзге көрінбей қатысып отырғандай адам  – облыстың экс-әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ еді. Оның үстіне, тіпті, алынған жауаптарда оның бір кездері құдіретті патроны болған Аслан МУСИНГЕ де сілтемелер жасалды.

Онымен көптен бері таныс екенін Жантеміров тергеу ісіне айтқан болатын, енді мұны сотта да қайталады. Оның айтуынша, ол Мусинмен Ақтөбеде танысқан.

- 1995 жылы ол облыс әкімі болып, сол жылы маған жұмыс ұсынды. 2002 жылға дейін онымен бірге Ақтөбе облыстық әкімдігінде жұмыс істедім. Өз міндеттемемді жақсы атқардым.

2002 жылы Мусинді Атырау обылсының әкімі етіп ауыстырған кезде, Ақтөбе облысының жаңа әкімі ИМАНТАЕВ Жантеміровті бірден жұмыстан шығарған.

- Мен бұл туралы Мусинге айтқанда, ол маған Атыраудан сол лауазымды жұмысты ұсынды. Бірақ ол жұмысты әлдебір әйел адам жасап жатқан. Кешікпей бұл орын босап (әйел декреттік демалысқа кетті), мені шақырды. Онымен іскерлік қарым-қатынаста болдым. Одан ешқашан заңға қайшы нұсқау алған емеспін. 2006 жылы Мусин өзінің ісін жалғастырушы ретінде Рысқалиевты ұсынды. Бір жыл бойына ол (Рысқалиев) ешкімді орнынан алмады, содан соң бәрін өзгертті.

Бірақ Жантеміровтің өзі Рысқалиевтың командасында қалған. Алайда оның өкілеттігі әжептәуір азайған (ол бюджетті қалыптастыруға қатыспайтын болды). Бірақ бұрынғыша қаржы бөлімін меңгерді.

Естеріңізге салсам, куәгерлер сотта Жантеміровті оның бұйрығын бағыныштыларына берген кезде және белгілі бір құжаттарды тездетіп ресімдеуге қол жеткізгісі келген кезде, үнемі әкім Рысқалиевты желеурететін адам деп атаған болатын. Алайда өз сөзінде Жантеміров (айтпақшы, ол өзіне берілген құқықты пайдаланып, кез келген сотқа қатысушының сұрағына жауап беруден бас тартты – З.Б.керісінше, Б.Рысқалиевтың оны ұнатпайтынын, өзін арақашықтықта ұстап, жұмыстан шығарамын деп қоқан-лоқы көрсеткенін айтты.

 

ЖАҚЫН ТҰЛҒАЛАР

Жантеміров сұрақтарға жауап беруден бас тартқандықтан, адвокаттар іс материалдарындағы 2012 жылдың 5 желтоқсанындағы жауап алу бейнежазбасын қарауды қолқалады. Ол жазбада Жантеміров экс-әкімге мінездеме беріп, «оған жақын адамдарға» қатысты ойын айтқан болатын:

- Бұрын онымен таныс болған жоқпын. Тек Ақтөбеде ол «Аяжанмен» айналысып жүрген кезде Мусиннің жанынан әкімдіктен көрдім (бір кездердегі ірі арақ сауда брендін Аслан Мусин мен сол кездегі оның серіктесі Бергей Рысқалиевтың иелігінде деп есептеді – З.Б.). Дөрекі, қатал, тік мінезді адам болып шықты. Кез келген орынбасарды барша жұрттың көзінше дөрекі сөзбен орнына қоя алатын. Менімен ұстамды қарым-қатынаста болды. Рас, кей кездері әңгіме кезінде мысқылдайтын. Бірақ аса көп ескерту жасаған жоқ, бәлкім, мен Ақтөбеде болған кезден бастап Мусинмен бірге жұмыс жасаған соң шығар. Өз басым, оның маған қарата балағаттап сөйлегені есімде жоқ. Өзінің айтқанымен келіскенді ұнататын, қарсылық білдіргенді көтере алмайтын. Үйірімпаз тұлға болатын. Оның батылдығы, бассыздығы салдарынан Мусин секілді зиялы адамдардың қатарына жатқыза алмаймын. Ешкім оның қасында маңғазданып, қарсылық білдіре алмайтын. Оның командасында Дәукенов болды. Бір-біріне қатты сенетін, жұмыстан тыс кезде достық қатынаста болды, өзара түсіністікте болатын. Дәукенов оның тапсырмасын мүлтіксіз орындады, көбінесе оның орнында қалып жүрді. ӘЖІҒАЛИЕВА – бюджетті жоспарлау мен қалыптастыруды жүргізді, бүкіл қаржылық операцияларды басқарды және онымен өзара тығыз байланыста болды. Керімовке үнемі қолдау көрсетіп жүрді, не себепті екенін білмеймін, бірақ ол да Дәукенов секілді үнемі қасында болды. Тұрланбек ЖИЕНБАЕВПЕН Рысқалиев бизнесте жүрген кезден бері тығыз және жақсы араласты. Ол Мемлекеттік сәулет- бақылау басқармасының бастығы болып жұмыс жасады. Содан кейін басқа мекемеге ауысты. НАҚПАЕВ – олар Мақаттан бері таныс еді, тең адамдай жақсы араласып жүрді. Содан кейін менің естуімше, әлдебір кикілжің туындап, содан кейін олардың қарым-қатынасы өте нашарлап кетті. Бұрынғы қала әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВ – қалай таныс екені белгісіз, Рысқалиев оны жұрттың көзінше жиі ұрысатын, ал ол ешқашан қарсы сөз айтпайтын. Жандос ӘКІМЖАНОВ жақсы араласты, отбасыларымен дос болды деуге болады. Бір кездері Мемлекеттік сәулет-бақылау басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. Содан соң әкімнің орынбасары болды. Нұрман НОРБЕКОВ (облыс әкімінің бұрынғы орынбасары  – З.Б.) – Рысқалиев оған жақсы қарады, неліктен екені маған белгісіз. Көмекшілер ретінде оның жанында үнемі Берік ЖӘНКЕЕВ, Жасұлан ҚАУЫСОВ болды, бірақ қандай тапсырманы орындағанын білмедім. Жәнкеев шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, содан соң спорт басқармасының бастығы болып жұмыс жасады. Қауысов та облыстық әкімдіктің қаржылық-шаруашылық бөлімі меңгерушісі болды. Бұл жақын жүрген тұлғалар, - деді камерадағы Жантеміров қаржы полициясының қабырғасында.

 

ЕЛШІНІҢ ТУЫСЫ

Роликті көрсетіп болғаннан кейін іле-шала жауап алынған Атыраудың бұрынғы әкімі Керімов, өзіне «жақын жүрген» деген анықтамаға және Рысқалиевтың қамқорлығында болды деген пікірге қатты наразы болып, Жантеміровтің Мусинмен (қазір Қазақстанның Хорватиядағы елшісі болып жұмыс істейді) өзара қарым-қатынасы хикаясына қосымша деталь енгізуді ұйғарды. Асқар Керімовтің айтуынша, Жантеміров екі облыстық әкімдікте Мусинге бұрынғы бағынышты адам ғана емес, онымен туыстық қарым-қатынаста екен:

- Мен Жантеміровті облыс әкімі Рысқалиевқа өте жақын адамдардың қатарына жатқыза аламын. Ол өзінің басшылықпен жақын қарым-қатынаста екенін: «сен мынаны жасады деп әкімге жеткіздім», «мен Асқарды аудан әкімі ету керек деп айттым»... деп, үнемі меңзеп отыратын. Ол өзінің жұбайының – Мусиннің туысы екенін атап айтты. Күнтай деп атайтын...

- Сен де ойлап табады екенсің?! – деп, эмоциясына ие бола алмай, айқайлап жіберді Жантеміров.

- …мен онымен артық қақтығыспауға тырыстым. Өйткені Бергей оның Мусинмен, сол кездегі ҚР президенті әкімшілігінің басшысымен жақындығын білгендіктен, сөзіне құлақ асатын. Онымен жылы қарым-қатынасты сақтауға тырысты, - деп сөзін жалғастырды Керімов.

 

ОЛАРДЫҢ ҚОЛДАРЫ ҰЗЫН...

Рысқалиевтың билік басында болған кезінде жеке бір шенеуніктің ықпалы, бүгін анықталып отырғандай, нақты лауазыммен белгіленбеген еді. Алайда, келесі айыпталушы - бұрынғы облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Дәукенов Жантеміровтың облыс әкімі өкімдерін орындауда қысым көрсетті деген айыптауына жауап ретінде ішкі ережелерге сілтеме жасады:

- Қаржы басқармасының басшысы регламент бойынша тікелей облыс әкіміне бағынады, - деді Дәукенов.- Жантеміровтың өзі облыс әкіміне жақын адам еді. Сонымен қатар ол қала әкімі, облыс әкімі орынбасарлары және қаржы басқармасы бастығы қатысатын аппарат кеңесінің мүшесі болды. бұдан Жантеміровтың өзінің жиналыстан кейін Рысқалиевпен оңаша қалып, кез келген мәселені талқылауға мүмкіндігі болғаныдығын көреміз. Іс жүзінде де осылай болды.

Айта кетсек, Жантеміров Дәукеновты тек қызметтік мәселелер бойынша ғана қысым жасады деп айыптаған жоқ. Оның адвокаты Орынбекова сотты мемлекеттік нысандарды жекешелендіру бойынша тапсырмаларды орындамаса, жұмыстан шығарамын деп қорқытқанына назар аударуға шақырды және айыпталушы да мұны растады: "Иә,  құжаттарды дайындау ұзаққа созылып кеткенде, ол (Дәукенов) маған былай дейтін еді: егер сен біздің тапсырмаларымызды орындағың келмесе, орныңа басқа адам жұмыс жасайтын болады. Маған зейнеткерлікке дейін үш жыл қалды, бұл жасымда қайда барамын, ешкім жұмысқа алмайды". Енді жеке басы үшін де қорқатынын мәлімдеді.

- Айып тағылғаннан кейін Дәукенов маған үйге екі рет келді. Қорықпа, бәрі реттеледі деді. Жекешелендірудің барлық қыр-сырлары туралы айтпауымды ескертті. Екінші рет келгенде, машина ішінде, шынайы жауап берсең, өзіңе қиын болады деп айтты. Мен қорықтым, сондықтан да қыркүйек айында  (қамауға алынғаннан кейін - З.Б) жалған жауап бердім. Мен қорықтым, шынымды айтсам, қазір де қорқамын, оларда, Бергей мен Дәукеновтың мұнда достары өте көп...

Бұрынғы облыс әкімінің орынбасары бұл мәлімдемені былай түсіндірді:

- Иә, екі кездесу болды, растаймын. Біз екеуміз де не болып жатқаны туралы әңгімеледік, қандай жауап бергенімізбен бөлістік. Оның мен туралы айтып отырғаны жалған. Мен оның үйінде жұбайымен бірге отырғанда қалай қорқытамын, тапанша кезеніппін бе?

 

ТАНЫС ӘРІПТЕР

Жантеміров өзінің сотқа берген жауабында тағы бірнеше оқиғалар туралы айтып берді, алайда, өкінішке орай, олар қысқа болды:

- Бірде ол (Дәукенов) мені өзіне шақырып алып, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және білім беру басқармаларының ағымдағы шығындары бойынша есеп дайындауымды тапсырды. Есепті қарап шығып: "Денсаулық сақтау және білім беру басқармалары бастықтарын өзіңе шақырып, бюджетті орындау бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде 5-7 пайыз көлемінде "пара" ретінде өздеріне қалдырсын деп пәрмен бер",- деді. Денсаулық сақтау басшысы Меңдіхан (Өтепқалиев) нақты жауап бермеді, алайда мұны жасау қиын және бас тартатынын түсіндіргендей болды. Сатқан (Есенғалиев) да жауап бермеді, алайда ол да жаңа келген адам болғандықтан мұны жасай алмайтынын білдірді... Мен Дәукеновке олардың бас тартып жатқанын айттым. Ол "өзім жеке айналысамын" деді. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Мен де, комиссия (жекешелендіру бойынша) мүшелері де мұндай "ауызбастырық" алған жоқпыз. 

Алайда Дәукеновтың адвокаты СЛИНЧЕНКО өз қорғалушысына мұндай айып тағылмағанын алға тарып, Жантеміров сөзін тоқтатып қойды. Кейін анықталғандай, пара алу мәселесі тергеу нысаны емес екен.

Сотта айтылған барлық айыпталушылардың жауаптарына сәйкес, мемлекеттік нысандарды жекешелендіру туралы өкім тек облыс әкімі Бергей Рысқалиевтан шыққан. Бұл туралы Дәукенов былай түсінік береді: "Барлық стратегиялық шешімдерді тек президент өкілі, бірінші басшы ғана қабылдай алады. Ол маған телефон соғып: барлығын бәсекеге қабілеттік ортаға тапсыру керек", - деді".

Кейбір айыпталушылардың жауаптары бойынша, Б. Рысқалиев өткізу құны мен тендерлердің әлеуетті жеңімпаздарын тіке өзі айтқан.

- Ол автопаркті өткізу құнын және ұтып алуы тиіс кәсіпорынды өзі көрсетті, - деді Жантеміров бір сөзінде. - Ол ешқашан ЖШС-тің атын атамады, тек құрылтайшы атының бірінші әрібін көрсетті: "В" - Вадим ПАК, "А" - Айбат СҮЛЕЙМЕНОВ.

 

САУЫҚТЫРҒАН САПАР

Өз сөзін аяқтаған Жантеміров халық алдында кешірім сұрады:

- Мен жекешелендіру кезінде жасаған заңға қайшы әрекеттерім үшін қатты өкінемін, алайда мұның бәрін қысым астында жасағаныма көңіл бөлулеріңізді сұраймын.

Ол сондай-ақ, мүмкін жазаны жеңілдетуге көмектеседі деді ме, адвокаттың айтуымен, осы барлық заңсыз жекешелендірілген нысандар мемлекет меншігіне қайтарылғанын атап өтті. Бұл жерде кезінде прокуратура және қаржы полициясы органдары БАҚ-қа өз жеттістіктері ретінде көрсеткен бұл фактілер басқа адамдардың еңбегі болуы мүмкін деген ой туындайды:

- Иә, президент сапарының екінші күні (сол күні Н. Назарбаев Атырау облысының жаңа әкімін тағайындағыны туралы мәлімдеген еді - З.Б.) мен Дәукеновке кіріп, "барлығын кері қайтарайық" деп ұсыныс жасадым. Ол менің көзімше сатып алушыларға "біз жоқ болсақ та, барлығын бюджетке қайтарыңдар" деп тапсырма берді және оның арқасында барлық нысандар мемлекет меншігіне қайтты.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

23 наурыз 2014, 09:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.