Таяуда қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВ (суретте) бастаған бір топ атыраулық әлеуметтік желілер арқылы теңгенің құнсыздануына қатысты ұсыныстары жазылған үндеу таратты (https://www.facebook.com/max.bokayev?fref=ts).
- Көпшіліктің назарына ұсынылған үндеу кең түрде талқыға салынып, айтарлықтай қолдауға ие болып жатса, біз оны дүйсенбі күні электронды үкімет порталы арқылы барлық атқарушы билік органдарына жолдамақпыз, -дейді М.Боқаев.
Сонымен бірге, бастамашыл топ тағы да әлеуметтік желілер арқылы әуелі жергілікті жұртшылықтың митинг өткізудің қажеті бар-жоғы туралы ой-пікірлерін білгеннен кейін барып оны өткізу күнін белгілеу жайында сөз етеді.
Еске сала кетейік, бұл туралы 17 ақпан күні Атыраудағы Махамбет-Исатай орталық алаңында теңгенің құнсыздануы мен бағаның көтерілуіне қарсы наразылық акциясы барысында талқыланған болатын (Атыраудағы наразылық акциясы). Онда қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА митинг өткізуге рұқсат алу үшін он күн бұрын әкімдікке өтініш жолдауды ескерткен еді.
- Меніңше, мұндай өтініш жазудың еш мәнісі жоқ. Билік митингке рұқсат бергеннің өзінде халық оған аз жиналады. Оған менің Жаңаөзен оқиғасынан кейін ұйымдастырылған митингке шамамен 15-ақ адам жиналғанда көзім жетті, - деді бүгін «АЖ» тілшісіне М.Боқаев.
Жерлестерінен көңілі қалған Макстың жайын түсінуге болады. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын Дина Нұрпейісова ескерткіші алдында қоршаған ортаның тазалығы үшін азаматтық көзқарасын білдіру мақсатында ұйымдастырылған митингке шығуға (сол кездегі ҚІІБ бастығының жеке бақылауымен) небары 7 жігіт пен бойжеткеннің батылы барды. Одан бөлек, белгілі құқық қорғаушының митингті ұйымдастыруды бастауға неліктен асықпай отырғанына тағы бір себеп те жоқ емес секілді. Боқаев әкімшілік айыппұлдарға тартылып, бірнеше рет қамауларға алынған болатын. Енді кез келген келеңсіз жайт оны қылмыстық қудалауға алып келуі мүмкін.
Айнұр САПАРОВА