20 ақпанда Атырауға Президенттің Қазақстан халқына жолдауын түсіндіру бойынша насихат тобымен бірге көлік және коммуникация министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ (суретте) та келді.
Бұдан бір ай бұрын Н. Назарбаев 2020 жылға дейін көлік жүйесін дамыту мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Осы құжатты орындау мақсатында 30 мың шақырым көлік жолы және 8,2 мың шақырым темір жолды қайта жаңғырту және салу жоспарлануда. 11 әуежай халықаралық нормаларға сәйкестендірілуі керек.
- Өткен жылы Тараз әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту аяқталса, Көкшетауда ұшу-қону жолағы мен терминал қайта салынды. Үстіміздегі жылы Орал мен Петропавл әуежайларын қайта жаңғырту басталды. Атырау әуежайына келетін болсақ, мұндағы ұшу-қону жолағы жақсы күйде. Терминалға қатысы жақсарту жұмыстары жүріп жатыр, - деді министр.
Бағдарлама аясында Атырау облысы жолдарына жөндеу жасауға жалпылай алғанда 31 миллиард теңге бөлінді, соның ішінде 22 миллиарды республикалық бюджеттен транштар түрінде келеді. 2014 жылы 160 шақырым республикалық дәрежедегі жол күрделі және орташы жөндеуден өтеді және аудан орталықтары мен ауылдарға бір автобекет және 67 такси тұрақтарын салу жоспарлануда.
Облыстық активте облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ бірнеше минут бұрын Серік АХМЕТОВПЕН телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. Премьер үкімет резервінен Доссор – Мақат тас жолының 17 шақырымдық апатты учаскесіне және Атырау – Ақтөбе трассасының 19 шақырымдық учаскесіне күрделі жөндеу жасауға қаржы бөлемін деп сөз берген екен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ