Атырауда “Амо Те” (Сан-Ремо Атырау жерінде) әніне музыкалық бейнебаян түсірген итальяндық инженер Тони ТУРИ (суретте сол жақта) мен Италиядағы белгілі шоумен Альфонсо ЗАМБРАНО Қазақстанда жаңа жобаны қолға алды.
Олар екеуі де Италияның оңтүстігіндегі бай тарихы мен мәдениеті қалыптасқан Пулья облысынан екен.
- Біздің екі ел арасында мәдениет, гастрономия, сән әлемі мен туризм саласында тығыз қарым-қатынас орнатқымыз келеді, - дейді А.Замбрано.
Жоба барысындағы алғашқы шара – Атырауда 4-5 сәуірде өтетін танымал итальяндық әнші, көптеген халықаралық конкурстар мен фестивальдардың жеңімпазы Гуэрино ПАПАНЫҢ концерті. Тони Тури осы концерттерде бірнеше шығармаларды орындауды жоспарлап отыр, солардың арасында қазақ халқының сүйікті әндерінің Ақан Серінің «Балқадишасы» да бар. Тони әннің сөзін итальян тіліне аударып, Замбраномен бірлесе отырып, Италияда бейнебаян түсірген. Айтпақшы, Тонидің айтуынша, «Балқадиша» жазылу барысында итальяндықтарға қатты ұнапты, олар бұл әннің халықаралық хит бола алатынын айтыпты.
Сонымен қатар, жоба барысында Алматыдағы Республика сарайында 3 мамырда Италия эстрадасының әншілері Пупо, Гуэрино Папа, Аугусто Амигучидің қатысуларымен де концерт өтеді. Бұл жерде де Тони Тури өнер көрсетпек.
Алдағы жоспарлардың бірі - Атырауда итальяндық ірімшік қайнатушылардың шеберлік сабағын ұйымдастыру. Олар тілек білдірген кез келген адамға дәмі тіл үйірер моцарелла ірімшігін дайындауды үйрететін болады.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА