Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ.Өткен жылдың желтоқсанында экс-сенатор Оралбай ӘБДІКӘРІМОВТІҢ (суретте) төрағалығымен «Жаңару» жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» респуб-ликалық қоғамдық бірлестігі (РҚБ) құрылған болатын. Жаңа бірлестіктің біздің облыстағы филиалын қоғам-дық бастамаларда Атырау аграрлық-техникалық колледжінің директоры Болат ҚОЖИЕВ басқаратын болды.
«Жаңару» бірлестігі жемқорлықпен күрестің Жол картасын, яғни, заңнамалық процесс пен құқық қолдану тәжірибесін біріктіретін жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ретімен жазылған сценарийін қабылдау қажет деп есептейді. Сондай-ақ, нормативтік құқықтық актілердің жемқорлыққа қарсы қоғамдық сараптамасының жүйесін құрастыруды да көздейді, олардың нәтижесі құқықтық актілер шығаратын депутаттар мен лауазымды адамдарға жеткізіліп отырады. Бірлестік мемлекет қаржысының мақсатсыз және заңсыз жұмсалуы, нақты адамдардың құқығы бұзылуы фактілері бойынша журналистік зерттеу жүргізуді де қолға алды. Соған байланысты өзге БАҚ-пен және негізгі теле және радиокомпаниялармен бірге жұмыс істейтін жемқорлыққа қарсы журналистік клуб құрылды. Бірлестік филиалдарында қоғамдық сенім Орталықтары құрылуда, оларда заңгер, журналист мамандар, сонымен қатар, қарапайым азаматтар да қызмет ететін болады. Пікірталастар, дөңгелек үстелдер өткізілетін және нақты ведомство немесе нақты лауазым иелерінің жемқорлық фактілері талқыланатын www.janaru.kz электронды порталы құрылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ