Журналистермен сұхбат кезінде Нидерланды спортшысы Қазақстан азаматтығын ала алмағанына іштей өкінетінін айтты. "Өйткені, алтын медальді Қазақстанға алып бергенімде жарты миллион долларға жуық сыйақы алар едім" дейді ол.
"Сондай-ақ, Астанада пәтерім мен үлкен көлігім де болар еді. Дегенмен, өз отанымның атынан Олимпиадаға қатысып, чемпион атанғаныма да қуаныштымын" деп толықтырды Бергсма өз сөзін.
Айта кетейік, Голландияда Олимпиада чемпиондарының сыйақысы 30 мың еуроны құрайды. Ал, "күміс" медаль үшін - 22 500 еуро, "қолаға" 15 мың еуро беріледі.
Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіштер тым жоғары. Біздің елдің спортшылары Сочи Олимпиадасында топ жарса мемлекеттен 250 мың доллар көлемінде сыйақы алмақ. "Күміс" медаль - 150 мың, "қола" үшін 75 мың доллар беріледі.
Естеріңізге салайық, Бергсма 2010 жылы Қазақстан азаматтығын алмақ болған еді. Ол ел біріншілігіне қатысып, чемпион да атанды. Алайда, Әлем кубогына барар жолда коньки спорты бойынша Халықаралық федерация Бергсмаға Қазақстан атынан өнер көрсетуге тиым салған болатын. Кейін ол қазақстандық атану ойынан айнып қалды.
Дереккөз: baq.kz