Бұл мықты чемпионат болмақ
21-23 ақпан аралығында «Атырау» ДСК-нде алғаш рет ересектер арасында муай-тайдан Қазақстан чемпионаты өтеді.
ҚР Тай боксы федерациясының вице-президенті, белгілі спортшы және 1989 жылы «Бейбарыс» фильмінде бас кейіпкердің жас күнін сомдаған Фархад Аманқұлов пен оның інісі, ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Елхан Аманқұлов келеді деп күтілуде. Чемпионатқа соңғы әлем чемпиондары Ілияс Мусин, Нұрым Кемал, Дархан Қазиев, Жансерік Әміржановтар қатысады. Облыс құрамасының сапында оларға және басқа да мықты спортшыларға қарсы жастар арасындағы Еуропа чемпионы Еламан Саясатов, әлем чемпионатының жүлдегері Ищан Ғалиев, оның інілері Ислам мен Әбіл, әлем және Еуропа чемпионы Дидар Болатов, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері Аман Қабдоллаев, Нұрхат Елғондиев, Жұмабек Мыңбай, Әшім Сәуірғалиев, Айболат Ізтілеуов және Атырау қаласы құрамасының қатарындағы жалғыз қыз – Екатерина Тамбовцева өз өнерлерін көрсетеді.
Облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрберен ӘМІРЖАНОВТЫҢ айтуынша, атыраулықтар 14 салмақ дәрежесінің онында айқасқа түседі.
- Қатысушылардың атақ-даңқтарынан көріп отырсыз, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының деңгейі өте биік. Мұнда жүлде алу оңай болмайды, - дейді Н. Әміржанов. – Артымыздан жақсы ұрпақ өсіп келе жатқаны қуантады: соңғы екі жылда облыстың балалар мен жасөспірімдер құрамасы ел чемпионаттарында командалық бірінші орын алып келе жатыр. Бұл - Бағытжан Мұхамбеталиев, Мейрам Ғалиев және Айбат Рахман сынды бапкерлер ұжымының еңбегі.
Әміржановтың айтуынша, осы чемпионатқа дайындалуға облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы үлкен көмек көрсетті. Басқарма 2 апталық оқу-жаттығу жиынының ақшасын төледі: құрама мүшелері «Інжу-маржан» шипажайында жатып, «Мұнайшы» және «Балықшы» ДСК-лерінде жаттығу жасады.
Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша мамырда Малайзияда өтетін әлем чемпионатына қатысатын ҚР құрамасы іріктелетін болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
***
Андреев бар, басқалары да болады
15-27 ақпан аралығында облыстық «Атырау» футбол коман-дасының қосалқы командасы Шымкентте оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бұл туралы қосалқы құрамның аға жаттықтырушысы Тимур ҮКІБАЕВ хабарлады.
- Жаттығулар дан бөлек жергілікті командалармен 4 бақылау ойынын өткізу жоспарлануда. Ол жерде біздің футбол орталығымыздан биыл келген жастарды тексеретін боламыз, - дейді Т. Үкібаев.
Жиынға барлығы 25 ойынша бармақшы. Маусымаралық үзілісте командамыздан жартылай қорғаушылар Асылбек Сейітқалиев пен Дәурен Қайырлиев кетіп қалды. Асылбек «Атыраудың» негізгі құрамында ойнаса, Дәурен «Каспийге» кетті. Алтынбек Сапаров астаналық «Бәйтеректе» күшін сынайды.
Биыл қосалқы құрамда футбол орталығының шәкірті Валерий Андреев өнер көрсетеді. Шымкентте қосалқы құрамға осындай үміткерлер – футбол орталығының 1995, 1996 және 1997 ж.т. бірнеше шәкірттерінің тағдыры шешілмекші.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
***
«Ауғандықтарға» арналды
Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің «Жайық» ДСК-нде Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толуына арналған 1997-98, 1999-2001 ж.т. жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен, 2000-2002 ж.т. жасөспірімдер арасында еркін күрестен ірі республикалық турнир өтті.
ДЮСШ жарыстарына Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Жаңаөзен, Орал және Қазалы қалаларының БЖСМ-дері командалары қатысты. Атыраулық жасөспірімдер арасында жеңімпаздар мыналар: (грек-рим күресі) 1997-98 ж.т. – Шамиль Колухаев, Асылбек Қосаманов, Нұрбол Жұмағұлов, Эльдар Тоғызбаев, 1999-2001 ж.т. – Айбек Рахатов, Хамза Құспанов, Ертарғын Шолшыкенов; (еркін күрес) Әлфараби Ақжігітов және Абай Лұқпанов.
Турнир ұйымдастырушылары АМУ ректоры Бейбіт Мамыраевқа, АМУ-дің әкімшілік-шаруашылық департаментінің директоры Саламат Идрисовқа, «Жанель» ЖШС директоры Асқар Таубаевқа, «Алтын Су Атырау» ЖШС директоры ???? ??????? Олег Любинге және 3-БЖСМ директоры Сейітжан Бегесиновқа Атырау облысында грек-рим және еркін күресті дамытуға үлкен қолдау көрсетіп, үлес қосқандары үшін алғыс айтады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Білекті аппаратшылар
ІІД аппараты қызметкерлері кір тасын көтеруден «Динамо» спорт қауымдастығының біріншілігінде командалық жеңіске жетті.
Қорытынды кір тасын жұлқа және серіппе көтеру нәтижелерінің қосындысымен шығарылды. 24 келі кір тасын әр көтергенге бір ұпай, 32 келілікті көтергенге 2,5 ұпай қосылды. «Аппараттықтар» ұсақ-түйекке қол былғамады – тек 2 пұттық кір тасын көтеріп, барлық салмақ дәрежесі бойынша бірінші орын алды.
Жүлделі орындар келесідей бөлінді (1-ден 3-ке дейін): 70 келіге дейін – Қуанышбек Салықов (ІІД), Нұрқуат Омаров (Исатай АІІБ), Есболат Кенжесалимов («Күзет» күзет қызметі); 80 келіге дейін – Айбек Қошабаев (ІІД), Әлібек Әділов (Индер АІІБ), Ахан Хисметуллин (Исатай АІІБ); 90 келіге дейін – Қуаныш Саменов (ІІД), Дастан Нұрғазинов (5546 ә/б), Амантай Жақсымбетұлы (Махамбет АІІБ); 90 келіге дейін – Арғын Сабыров (ІІД), Нұрсаин Бисенов («Күзет»), Мұрат Таумұрынов (5546 ә/б).
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Нәтижелер оңалып келеді
Алдыңғы аптада «Атырау» ДСК-нде өткен 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионатында облыс құрамасы 3 алтын және 2 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте үшінші орын алды (Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарынан кейін).
Біздің құраманың сапында Айнель Сүлейменова (63 келіге дейін, жаттықтырушысы М. Есмағамбетов), Дәурен Болатбекұлы (66 келіге дейін, жат. Қ. Досқалиев) және Райымбек Ашықбаев (90 келіге дейін, жат. Ж. Қиянов) алтыннан алқа тақты. Нұржамал Жарманова (48 келіге дейін, жат. А.Жарманова) мен Азамат Жексенбаев (55 келіге дейін, жат. Ж.Қиянов) қолаға қол жеткізді.
Осылайша, облыс құрамасы ҚР чемпионатындағы өткен жылғы өз нәтижесін (6-орын) жақсартты. Бұл келесі жылғы чемпионатта әр салмақ бойынша татамиға 4 өкіл шығаруға мүмкіндік береді. Құраманы аға жаттықтырушы Қуаныш Сүлейменов пен оның көмекшісі Серікбол Нұралин дайындады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
***
Енді жеңілгендер ойыннан шығады
Хоккейден Қазақстанның тұрақты чемпионатының аяқталуына бір тур қалды. 21-22 ақпанда облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы «Алматыға» қонаққа барып, екі матч өткізеді.
I орында павлодарлық «Ертіс» (125 ұпай), II орында көкшетаулық «Арлан» (115), III орында теміртаулық «Арыстан» (96) келе жатыр. Осындай ұпай бар, алайда салған-жіберген шайбалар айырмасы бойынша біздің «Бейбарыс» IV орынға табан тіреді. Қалай дегенмен де, атыраулықтар плей-офф бәсекелерінің жолдамасына қол жеткізді.
16 ақпанда Мұз сарайында бірінші команда «Бейбарыс» балалар командасымен бірігіп жаттығу өткізді. Бұған қоса, «Облыстық ойын спорт түрлерінен «Атырау Барыстары» командасы» КМК балалар ұжымына хоккей құралдары – тізеліктер, қолғаптар, қалқаншалар, кеудешелер және т.б. алды.
«Бейбарыс» балалар командасының жаттықтырушысы Евгений АНТОНОВТЫҢ айтуынша, оның тобында 60-қа тарта бала жаттығады. Балалар арасындағы хоккейден Қазақстан чемпионатында «Бейбарыс» Рудный қаласында өткен ІІ турдан кейін үшінші орын алды (үш жеңіс және үш жеңіліс).
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Оқытушыларды қапы қалдырды
APEC Petrotechnic мұнай және газ саласы кадрларын дайындау орталығында Сочидегі олимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық спортшыларға қолдау көрсету мақсатында ерекше спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Командалар «көңілді тазалау», шалбармен жүгіру, жастықпен айқас секілді ойын түрлерінде сайысты. Қорытындысында бірінші орынды Goldenteenagers командасы алса, 2-орын – Nonstop, 3-орын Канада мен Қазақстан оқытушылар құрамасының еншісінде. Барлық жүлдегерлер дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар алып, ең бастысы, өздеріне жақсы көңіл-күй сыйлады
Тамара СУХОМЛИНОВА