Атырау, 24 желтоқсан 18:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Атыраудағы ет ахуалы

4 635 просмотра

Демалыс күндері қала базарларындағы сиыр еті 1500 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Алайда дүйсенбі күні қайтадан бұрынғы 1200-1300 теңге деңгейіне жетті. Сөйтсе, бұл Батыс Қазақстан облысынан келетін малдың жоқтығына байланысты орын алған екен.

Атырау қаласының бас мал дәрігерлік инспекторы Жайжан БАЯМИРОВАНЫҢ айтуынша,25 мамырда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал дәрігерлік бақылау комитетінің төрағасы Нығмет Жақбаевтан жеделхат келген. Онда Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданының Ақжол селолық округіне қарасты Тінәлі ауылында өлген малдан аусыл індеті анықталғандығы, соған орай ауданнан мал өнімдерін шығаруға тыйым салынғандығы айтылған. Жеделхатта көрші облыстың басқа аудандарынан тек тұтас етті ғана әкетуге рұсқат берілетіндігі көрсетілген.

Міне, сондықтан да демалыс күндерінің қарсаңында малды қасапханаға апару азайған. Облыс аудандарынан мал әкелушілер қозғала бастады, бірақ олар ет нарығын қамти алмады. Тыйым салынған жеделхат келгенге дейін Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасынан әкелінген 9 сиыр демалыс күндері оқшау мал қорада қамаулы тұрды. Мал дәрігерлері  анализ жасау үшін олардан қан алып, аусыл вирусы жоқ екендігі анықталғаннан кейін ғана ірі қаралар союға жіберілген. Жексенбі күні «Ақжайық Плен» ЖШС-нен 47  мүйізді ірі қараның тұтас еті тиелген автокеруен келіпті. Бұл базардағы абыржуды әжептәуір сейілтіпті. Дегенмен, базар саудагерлері осынау ет дағдарысы немен аяқталар екен деп, әліптің артын баққан сыңайлы. Ж.Баямированың айтуынша, дүйсенбі күні «Дина» базарында тек 9 сатушы ғана жаңа сойылған етті, қалғандары жексенбі күнгі қымбатшылықтан өтпей қалған етті сатқан. Ал «Көктем» базарында 10 саудагер ғана жаңа сойылған етті сатыпты.

Ал базар сөрелерінен бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық бағдарлама аясында жеткізілетін «әлеуметтік» еттер ғайып болған. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының төрағасы Сағын ЛҰҚПАНОВТЫҢ айтуынша, корпорация бұл етті базарға әкелуді тоқтатқан. Оны қала жәрмеңкелерінде ғана халыққа таратқан. Оған себеп – базар бағасы соңғы уақытқа дейін тұрақты болыпты. Қазір «Атырау» корпорациясының қорында 12 тонна ет бар екен. Ол қалалық әкімдік бұйрық бергеннен кейін базарларға жөнелтілетін көрінеді. Бұдан басқа, Белоруссиядан қосымша 16 тонна ет әкелу туралы алдын ала келісім жасалған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген В.Истомин

2 маусым 2011, 00:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.