
Қазақстандықтар мемлекеттен тегін немесе жеңілдетілген шарттармен баспана алу кезегіне тұру үшін түрлі айла-шарғыларға барады. «Отбасы банк» өкілдері бір азаматтың бірден 400 пәтерден үлес рәсімдеп алғанын мәлімдеді.
Бұл туралы Астанада өткен конференцияда «Отбасы банк» АҚ-ның алғашқы тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Әшімов хабарлады.
Тұрғын үйдегі үлесті пайдаланып, талаптарды айналып өту
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, мемлекеттік қолдау алу үшін тұрғын үй кезегіне тұратын азаматтың соңғы бес жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы керек.
Алайда тәжірибе барысында мамандар бір ерекшелікке тап болған. 1990–2000 жылдардан бері көптеген қазақстандықтың ата-анасына тиесілі пәтерлерде шағын үлестері (1/3, 1/5 немесе 1/7 бөлігі) сақталып қалған.
Мұндай азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмеу үшін тұрғын үйдегі үлесі 50 пайыздан аспайтын адамдарға кезекке тұруға рұқсат берілген. Алайда бұл шешімді кейбір азаматтар өз мүддесіне пайдалана бастаған.
«Біз, мысалы, азаматтың үш пәтері болып, олардың әрқайсысында 1/3 үлесі бар жағдайларға тап болдық. Яғни “50 пайыздан аспауы керек” деген талап оларға шектеулерді айналып өтіп, кезекке тұруға мүмкіндік берген. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп жағдайды талдай келе, өзгеріс енгіздік: мұндай шағын үлес тек жалғыз тұрғын үйде ғана болуы керек», — деп түсіндірді Азат Әшімов.
400 пәтерден үлесі бар азамат
Ең таңғаларлық жағдай азаматтардың деректерін тексеруге келісім бермеуіне байланысты анықталған. Банкке кезекте тұрған азаматтардың тізімін олардың жеке келісімінсіз түгендеу құқығы берілгеннен кейін күтпеген жайттың беті ашылды.
«Біз 400 пәтерден үлесі бар азаматты анықтадық! Бұған дейін ол деректерді түгендеуге келісім бермей келген. Заңға енгізілген жаңа нормалар осындай адамдарды мемлекеттік қолдау шараларынан шеттетуге мүмкіндік береді. Көмек шынымен де баспана сатып алуға мүмкіндігі жоқ адамдарға берілуі керек», — деп атап өтті банк өкілі.
В Атырау +17.5