
Ғалымдар шамамен 1700–1800 жыл бұрын қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген әйелдердің хош иісті косметиканы пайдаланғанын айғақтайтын белгілерді анықтады.
Зерттеушілер біздің заманымыздың II–IV ғасырларына жататын Томпакаcар және Алтын-Асар қорымдарындағы әйелдер жерленген қабірлерден табылған бордан жасалған екі бұйымды зерттеді. Бұл қорымдар Шығыс Арал маңы өңірінде орналасқан.
Екі жерлеу орны да Жетіасар археологиялық мәдениетіне жатады. Бұйымдар табылған әйелдердің қайтыс болған кездегі жасы шамамен 30–39 аралығында болған.
Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін табылған заттар Шығыс халықтары мемлекеттік музейінде сақталған. Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ), Шэньчжэньдегі MSU-BIT University университетінің, Ресей Ғылым академиясы Археология институтының және музейдің ғалымдары үлгілерге кешенді химиялық әрі микроскопиялық талдау жүргізді.
Зерттеу нәтижесінде бұйымдардың негізгі құрамы табиғи бордан, яғни кальций карбонатынан тұратыны анықталды. Микроскопиялық құрылымын зерттеу материалдың, мысалы, ұнтақталған інжу-маржаннан жасалған болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығаруға мүмкіндік берді.
Органикалық қосылыстарды талдау нәтижелері ерекше қызығушылық тудырды. Үлгілерден 300-ден астам зат анықталған. Дегенмен олардың бір бөлігі кейіннен сыртқы ластану салдарынан түсуі мүмкін.
Зерттеушілер бастапқы құрамға жатқызған қосылыстардың арасында эфир майларына тән терпендер мен басқа да заттар бар.
Олардың үйлесімі жусан, даршын, сондай-ақ жалбыз немесе оған туыстас өсімдіктердің пайдаланылған болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Ғалымдардың болжамынша, бор косметикалық құралдың минералдық негізі ретінде қолданылған, ал өсімдік компоненттері оған хош иіс және, бәлкім, қосымша қасиеттер берген.
Алайда мұндай косметиканың нақты қалай қолданылғанын әзірге анықтау мүмкін болмады. Дайын өнімнің қандай иіс шығарғаны да белгісіз.
Зерттеушілердің ерекше назарын даршынның іздері аударды. Егер бұл тұжырым расталса, хош иісті майлар Шығыс Арал маңы өңіріне әлдеқайда оңтүстікте орналасқан аймақтардан, атап айтқанда, Үндістаннан немесе Азиядағы кассия өсетін өңірлерден жеткізілуі мүмкін.
Бұл Ұлы Жібек жолы бағыттарымен байланысты алыс сауда байланыстарының тек қымбат тауарлар саудасына ғана емес, өңір тұрғындарының күнделікті тұрмыс салты мен әдеттеріне де ықпал еткенін көрсетуі мүмкін.
Зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 17 қазанда npj Heritage Science ғылыми журналында жарияланды.
В Атырау +17.5