Атырау, 26 қараша 20:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Етікшіден егіншілікке

1 660 просмотра

Атырау қаласының тұрғыны Қуандық ЛҰҚПАНОВ (суретте) былтырғы жылдың маусымында «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге несие алып, Томарлы ауылының маңынан жылыжай салған болатын. Енді жақында алғашқы өнімнің рахатын да көретін күн тумақ. 

Көп жылдар бойы аяқ киім жөндеушісі болып еңбек етіп келе жатқан Қ. Лұқпанов жаңа ісін бастау үшін жанына жақындарын, достарын жинады. Олардың бірі агроном, бірі жүргізуші қызметтерін атқарады. Сапасы жоғары жылыжай құрылысына олар қаржыны аямаған – Мәскеу түбіндегі Ростов қаласынан тапсырыспен жылыжай материалдарын алдыртып, құрылысты жүргізу үшін арнайы маман да шақыртқан. Үш апта уақыттың ішінде жылыжайдың қаңқасын құрып, сыртын қаптап үлгерген екен.

- Біздің жылыжай сыртынан поликарбонатпен қапталды. Бұл материал целлофанға қарағанда қымбат болғанымен, оның күннің көзін өткізуі әлдеқайда жоғарырақ, сәйкесінше, егілген дақыл жақсы өседі, - дейді Қуандық.

...Жылыжай іші тап бір жаз мезгіліндей әсер қалдырды – жасыл өскіндер, жерде өріп жүрген құмырсқалар, өгей шөптер... Ал қаз-қатар орналасқан астауларда қияр сабақтары алғашқы гүлдерін жара бастаған. Бір қызығы, көкөністер  топыраққа егілмеген, олар уақ қиыршық тастың арасынан шығып келеді. Ал тастың астына әйнек мақта (стекловата) төселген екен. Жасыл өскіндерді суару голландық әдіспен жүзеге асырылады, яғни әрбір астауда орналасқан су түтікшелері арқылы орталық су құбырынан оларға су толтырылады, кейін суды қайта ағызады. Осы кезде астаудың ішіне төселген әйнек мақта өзіне қажетті суды сіңіріп алады. Осылайша күніне 4-5 рет қайталанып отырады. Қуандықтың айтуынша, мұндай әдіс арқылы бір жағынан суды және басқа ресурстарды да үнемдесең, екінші жағынан химиялық тыңайтқышсыз өнім алуға болады.

- Мына қиярлар желтоқсанда егілген. Бұйырса, алғашқы өнімді наурыз айында - әйелдердің мерекесіне таман аламыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді Қуандық.

Алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырған ол жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартуды да көздейді. Күн жылыған соң Қуандық достарымен бірге тағы бір жылыжай құрылысын бастамақ. Олар енді қызанақ, құлпынай, орамжапырақ, редис өсіруді қолға алмақшы.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

20 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.