Евгений АНИСИМОВ.АСТАНА. ҚазАқпарат - Байқоңыр ғарыш айлағының басшысы, «Оңтүстік» Ғарыш орталығы» ФМУК директоры Евгений Анисимов қызметінен кетті, деп хабарлайды РБК «Коммерсантъ» газетіне сілтеме жасап.
«Ведомствода оның отставкаға кетуін жеке басына қатысты себептермен түсіндіреді, ал бір дерек көздері оның Федералды ғарыш агенттігінің жаңа басшысы Олег Остапенконың командасына сай келмегенін айтуда», - деп жазылған газетте.
Басылымның мәліметтері бойынша, Анисимовты Мәскеуге Федералды ғарыш агенттігінің жаңа басшысы Олег Остапенкомен тілдесуге шақырған. Қабылдау кезінде оған жұмыстан кету жөнінде өтініш жазуға ұсыныс жасалған. Ресей ғарышының баспасөз қызметіндегілер мұны растап, бұл шешімнің «оны жеке басының жағдайларына» байланысты қабылданғанын нақтылады.
Анисимов Байқоңырда 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Ал «Оңтүстік» орталығын 2010 жылдан бері басқарып келеді.
Басылымның мәліметтері бойынша, Байқоңыр басшысының орнынан үміткер ретінде «Иосифьян атындағы ақпараттық-басқару және электромеханикалық кешендер, мониторингтің ғарыштық жүйелері» ҒӨК ғылыми-техникалық кешенінің басшысы Михаил Варданян қарастырылады. Оның полковник әскери шені бар, және ол Байқоңырдағы әскери бөлімдердің бірінде командир міндетін уақытша атқарған.
Дереккөз: inform.kz