Атырау, 26 қараша 20:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атыраудағы наразылық акциясы

5 315 просмотра

Бүгін, 17 ақпан күні түскі уақытта 30-ға жуық Атырау тұрғыны Махамбет-Исатай алаңында теңге девальвациясы мен бағаның көтерілуіне қарсы наразылық акциясын өткізді.

Олар микрофонсыз болса да, эмоцияға ерік бере отырып сөз сөйледі. 

Аты-жөнін атамаған жастардың бір өкілі былай деді:

- Аналарымыз 63 жасқа дейін жұмыс жасайды дегенде, біз үндемедік. Бірақ, әрі қарай үндемей отыра алмаймыз. Зейнетақыны 9 пайызға өсіргені не керек, тауар бағасы 20 пайызға қымбаттаса? Абдырап қалдық қой.

Зейнеткер Мапура ЕРАЛЫ:

- Мен 40 жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Қазір 32 мың теңге шамасында зейнетақы аламын. Одан 20 пайыз алып тастағанда, не қалады? Жарық пен судың тарифтерін көтеріп жатыр. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов теңге девальвациясы болмайды деп уәде беріп еді, сөзінде тұрмады. Алдайтындар мен өтірік айтатындарды жазалау керек.

Атырау тұрғыны Талғат:

- Кеше ғана үйге тамақ алдым, балаға қажетті заттар, азық-түлік, памперстер және т.б. сатып алдым. Баға 20-30 пайызға көтеріліп кеткен, ал теледидардан ешқандай баға қымбаттауы болған жоқ деп айтып жатыр. Және девальвацияны болдырмауға болмайды дейді. Неге теңге бағамын Ұлттық қордың есебінен қайта қалпына келтірмеске? Немесе жалақы мен зейнетақыны өсірсін.  

Макс БОҚАЕВ.Макс БОҚАЕВ.Қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВ:

- Парламент пен мәслихатта айтарлықтай билік жоқ. Сондықтан мен егер біз нәтижеге қол жеткіземіз десек, билік өкілдерінің өкілеттігін арттыру қажет деп санаймын. Қазіргі парламентті таратып, заңға өзгеріс енгізу керек және біздің елдің парламенттік республика атануына ұмтылуымыз керек. Әйтпесе, бес жылдан кейін тағы бір девальвация болады, осыдан көресіңдер, олар ойларына келгенін істейді. Және мұнай-газ компанияларының 10 пайыз салығын біздің өңірге қалдыру керек.

Митингке қатысушылар Боқаевты қолдап, парламентке жолданатын хатқа (өзі дайындайтын) қол қоюға әзір екендіктерін білдірді.

Акцияның басталғанына шамамен 20 минут өткен соң, алаңға қала әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА келді:

- Сіздер қазір заң бұзып отырсыздар. Заңға сәйкес, сіздер он күн бұрын қала әкімінің атына митинг өткізуге рұқсат алу үшін ресми хат жолдауларыңыз тиіс.

Әрі қарай митингке қатысушылар мен Г.Шәкірованың арасында мынадай кішігірім диалог өрбіді:

- Сіздер бағаны бақыламай отырсыздар, ал біз бағаның көтеріліп отырғанын күнде көріп отырмыз.

- Біздің қызметкерлер бағаны күнделікті бақылауда ұстап отыр. Атырау тұрғындары бағаны негізсіз көтеру жағдайлары бойынша қалалық әкімдіктің 27-10-28 телефонына немесе тікелей маған 27-10-26 жұмыс телефоныма хабарлауларына болады.

- Қандай тауарлардың бағасын бақылап отырсыздар?

- Негізінен азық-түліктердің. 

- Ең болмағанда, солардың бес түрін атап бере аласыз ба?

- Бұл нан, ұн, ет, біздің елде шығарылатын ұн өнімдері... Әкімдік ірі базарлар мен дүкендермен бағаны ұстап тұру туралы меморанумға қол қойды.

Осыдан кейін жиналғандар кезекті митинг өткізуге рұқсат алу үшін қалалық әкімдікке ресми өтініш жолдауға келісіп, тарасты.

Еске салсақ, бұған дейін ақпанның 15-і және 16-сы күндері Алматыда жүзге жуық адамның қатысуымен теңге девальвациясы мен бағаның көтерілуіне қарсы наразылық акциясы өткен болатын.  

Айнұр САПАРОВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

17 ақпан 2014, 18:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.