«АЖ»редакциясына не істерлерін білмей аласұрған бірнеше көлік алушылар хабарласты: дилерлер оларға алдын ала төленіп қойылған тапсырыстарына енді моделіне қарай 400 мыңнан миллион теңгеге дейін үстеме ақы төлеу керек деп ескерткен. Сатып алудан бас тартсаңыз айыппұл санкциялары қолданылады - ақшаларынан тұрақсыздық төлемі ұсталады.
ТОЙОТА ЖАБЫЛҒАН ЖОҚ
Әділдігін айту керек, дилерлер мұндай жағдайға жеткізбеуге тырысып бағуда. Олар клиенттерге ескі бағамен сатылып алынған басқа модельдерді ұсынып, өтемақы ретінде қосымша аксессуарлар мен қызметтер қосып отыр.
Атыраудағы кейбір автокөлік орталықтары доллар бағамының тұрақтануын және бас кеңселерінің өкімдерін күтіп, сатуды тоқтатты. Автокөліктерге тапсырыс беріп, алғашқы жарналарын төлеп қойып, көлікке әлі қол жеткізбеген және ақшасын түгел төлеп болмаған сатып алушылар қиындыққа тап болды. Дилердің дистрибьюторлардан доллардың бұрынғы бағамы бойынша сатып алған машина иелерінің жолы болды. Егер дилерлер шекарадан әлі өтпеген, кедендік рәсімдері жасалмаған себепті көлікті ресімдеп үлгермесе, онда оны теңгемен қымбаттырақ, доллардың жаңа бағамыбойынша алуға тура келеді.
14 ақпанда автосалондар жұмыстарын қайта бастады, алайда ресми түсінік беруге барлығы бірдей дайын емес. Жұмысын бір сағат болса да тоқтатпаған дилердің бірі – «Атырау Тойота Орталығы».
- Біз Автокөліктерді доллармен сатып аламыз, сондықтан да біздің салонда бағалар қашан да дистрибьютердің ұсынысы бойынша шартты бірліктермен көрсетіледі. Клиенттер автокөлікке сол тауарды алу күнгі бағам бойынша теңгемен төлейді, - дейді «Атырау Тойота Орталығының»сату бөлімінің бастығы Жібек ЫСҚАҚОВА. Мәселен, бүгінде шартты бірлік 185 теңгеге тең болғандықтан, ең өтімді көліктердің бірі - базалық жиынтықты Toyota Corolla автокөлігі 4 млн 207 мыңнан 5 млн 1 мың теңгеге қымбатсыған. Жапониядан келетін қосалқы бөлшектер саудасы мен сервистік қызметте де (1 сағаттық жұмыс 45 доллар тұрады) жағдай осындай.
«АСТЕР»: СӘТІН САЛСА...
5 автокөлік маркасының ресми дилері «Астер Авто»11 ақпанда да жұмыс жасады. «Аster Аuto Атырау» директоры Әбілхайыр НАЙМАНОВТЫҢ айтуынша, бағалар оларда да шартты бірліктермен көрсетіледі екен, шартта сату күнгі бағам бойынша есептелген сома жазылады. Дистрибьютерден 11 ақпанда 156 теңгелік доллар бағамы бойынша алынған көліктер сол бағамен ұлттық валютаға сатылады. Жеткізу кезеңіндегі немесе қазір ғана келген тауарларды дилер жаңа бағаммен сатып алады, сондықтан да сатып алушылар үшін баға, әрине, көтеріледі.
- Доллар бағамының көтерілуінен автокөліктер орта есеппен 20%-ға қымбаттады,- дейді Әбілхайыр Найманов.
Орташа жиынтықты Nissan Qashqai автокөлігінің бағасы - 28 500 доллар. 10 ақпандағы бағам бойынша (156) бұл 4 млн 446 мың теңге тұрса, бүгінде, жаңа бағам бойынша, 5 млн 272 мың 500 теңге болады. Яғни, сатып алушы 826 500 теңге артық төлейді. Америка валютасының құнымен есептелетін Еуропа мен Жапониядан келген түпнұсқа қосалқы бөлшектер де 20%-ға, сервистік қызмет көрсету бағасы 10%-ға қымбаттады.
- Клиенттер тапсырыс берген көліктеріне қосымша ақша төлеуге мәжбүрміз деп шағымдануда. Сатып алудан бас тарту да алдын ала төлеген сомаларынан айыппұл ұстауға әкеп соқтырады.
- Кедендік тексеруден өтпеген автокөліктер біздің меншігіміз болып табылмайды, біз оны әлі сатып алуымыз керек, дистрибьютордың бізге бұрынғы бағаммен бермесі де түсінікті. Бұл бір форс-мажорлы жағдай болды, оны дистрибьюторлар да, біз де, сатып алушылар да болжай алмай қалды. Алайда клиенттермен автокөліктерге тапсырыс береде жасалатын алдын ала шартта бағалар болжалды, өзгерістер болуы мүмкін деп көрсетіледі. Осыған байланысты, сатып алудан бас тартқан жағдайда біз клиенттен жеткізу, қамтамасыз ету және сақтандыру бойынша шығындарды өндіріп алуға құқығымыз бар, - дейді Әбілхайыр Найманов. Тұрақсыздық өтемақысы шамамен 200 мың теңге көлемінде. Автокөліктің ақырғы құны негізінен сатып алу-сату шартында көрсетіледі және шартқа қол қою күніндегі Ұлттық банктің ресми бағамына сәйкес белгіленеді. Егер негізгі шарт жасасқан клиент автокөліктен бас тартса, оған барлық сома түгелімен қайтарылады. Наймановтың айтуынша, оларда мұндай жағдай болған - олар 10 ақпанда келген автокөліктердің құнын толықтай қайтарған.
«МЕРКУР» мен «БИПЭК»: ЕРЕКШЕ БАҒАМДАР
«Mercur Auto» салондар желісінде автокөлік бағасы, басқа дилердегідей, шартты бірліктермен көрсетіледі. «Mercur Auto» компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Светлана КРАШЕНИННИКОВАНЫҢ айтуынша, олар «Volkswagen» өндіруші зауытымен доллармен есеп айырысса, «Audi» мен «Porsche» үшін еуро төлейді:
- Осыған байланысты, әр көліктің бағасы маркасы, моделі мен сату күнгі шетелдік валютаның бағамы бойынша жеке есептеледі.
Алайда өтімі жақсы Volkswagen «Polo», сондай-ақ Volkswagen «Touareg» көліктерінің құны ерекше бағам - бір долларға 165 теңгемен есептеледі.
Жергілікті «Бипэк авто»өкілдері жағдайға түсінік беруге дайын емес, бағаларға қазір түзетулер енгізілуде. Алайда сатушылардың айтуынша, баға 5-15%-дан артық өспейді. Оны да көрерміз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА