Атырау, 26 қараша 20:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Екі түрлі баға көрсеткіші

4 563 просмотра

Бүгін, 13 ақпанда Атырау қаласының әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ бастаған жұмыс тобы журналистердің қатысуымен облыс орталығындағы ірі сауда нүктелерін аралап шықты.

 

«ДИНА» БАЗАРЫНДА

Бұрын хабарлағанымыздай, елде азық-түлік бағаларына мониторинг жасап, тауар құнының шарықтауына жол бермеу үшін штабтар құрылды. Атыраудағы құрамына 4 топ кіретін штабты С. Айдарбеков басқарады. Топтар күніне екі рет мониторинг жасап, валюта бағамына, әлеуметтік маңызды өнімдердің және жанар-жағармай бағасына ерекше көңіл бөлулері керек.

13 ақпан күні доллардың теңгеге шаққандағы орташа бағамы, ақша айырбастау орындарының ақпараттары бойынша, сатып алуда 182.50 - 183 теңге, сату - 184.5 - 185 теңге аралығында тербелді. Жанар-жағар майға келетін болсақ: құю бекеттерінің бірінде телеарналардың түсіру тобына жанар-жағармай құю бекеттерінің аумағында бейне түсірілім жасауға күзетшілер тыйым салды. Неге екенін қайдам, бензин бағасы құпия емес, электронды көрсеткіште көрініп тұр емес пе?

Жұмыс тобы сауда нүктелерінен бірінші болып, Привокзальныйдағы «Дина» базарына келді. Тауарлардың баға көрсеткіштерінде өткен жексенбідегі бағадан көп өзгеріс жоқ: ет 850-ден 1000 теңгеге дейін, қазы - 1800-2000, ірі картоп 110 теңге және т.б. Айрықша көңіл аударатын сәт: ет сөрелерін аралап жүрген қала әкімі «1000» деп жазылған баға көрсеткішін аударып қарағанда, артында «1300» белгісі тұр. Біз сөйлескен сатып алушылардың айтуынша, ет орта есеппен 200 теңгеге қымбатсыған. Естеріңізге салсақ, Атырауға етті негізінен көрші Оралдан, сондай-ақ аудандардан әкеледі. «Дина» СӨК директоры Оспан СӘЛІМГЕРЕЕВТЫҢ айтуынша,  көкөніс бағалары қымбаттайтын көктемгі маусымдық бағалардың тербелуі болмаса,   қазақстандық тауарлардың қымбаттауына еш негіз жоқ. Ет сөрелеріндегі жағдайға қатысты, оның пікірінше, бұл пендешіліктен болған құбылыс:

- Кейде балғын еттің жақсы бір кесегі таңертең 1000 теңгеге сатылса, кешке қарай 800 теңгеге беріп жіберетін жағдайлар болады. Орта есеппен алсақ, бір келі ет 900-950 теңге тұрады. Біз өз тарапымыздан күн сайын бағаларға мониторинг өткізіп, қалалық кәсіпкерлік бөліміне есеп беріп отырамыз. Бұрынғы бағамен келген тауарлардың құнын көтеруге рұқсат бермейміз.

Осы тауар партиялары, оның айтуынша, шамамен әлі бір аптаға, тіпті, екі аптаға жетуі мүмкін. Ал Ресейден келетін тауар түрлерінің бағасын ол болжай алмайды. Журналистер базар директорынан сәрсенбі күні әкімдікте болған жиналыста берілген «уақытша болса да сауда орындары үшін төлемдерді төмендету туралы» ұсынысқа қалай қарайтынын сұрады.

- Біз бұл ұсынысты қарастырып жатырмыз. Орын ақы 2004 жылдан бері көтерілген жоқ және бүгінде айына 8100 теңге тұрады.

 

«АТАБА» МЕН «РАМСТОРДА»

Келесі тексеру нысаны – «Дина» базарына жақын орналасқан «Атаба» супермаркеті. Бағалар көтерме сауда орнынан жоғары болғанмен, демалыс күндегіден көп айырмашылығы жоқ. Көбіне қазақстандық өндіріс өнімдері тексерілді. Баға көрсеткішінде тұрған сан штрих-код сканері көрсеткішімен сәйкес келді. Серік Айдарбеков журналистерге «Атаба» супермаркеттерінің өкілдері қала басшылығына жеткізушілерінің уақытша тауар жеткізулерін тоқтатқанын, алға қарай бағаның көтерілетіні жөнінде хабарлағанын айтты. Алайда қала әкімі белгілі уақыт өткеннен кейін қарбалас басылып,  бағаларды нарықтың өзі реттейтініне сенімді.

Жұмыс тобы шетелдіктердің сүйікті сауда орнына айналған «Рамсторға» да барды. Бұл дүкен қала сауда нүктелері ішіндегі ең қымбаты болып саналады. Айтпақшы, «Рамстор» бағаны ұстау туралы меморандумға қол қоймаған жалғыз ірі сауда орны.

- Бұл шешімді Алматыдағы басшылығымыз қабылдады және не себепті бұлай жасағанына түсінік бере алмаймын. Алайда біз меморандум туралы білеміз және оның талаптарын қабылдаймыз, - дейді «Рамстор» дүкенінің директоры Мұрат ТАБАР.

Тауар құнының негізсіз көтерілу фактілерін байқаған қала тұрғындары қалалық сауда бөлімінің келесі телефондарына шағым айта алады: 27-28-31, 27-28-12. Ең дұрысы, баға көрсеткіштерін суретке түсіріп алып (ұялы телефонға түсіруге болады), не түбіртектерді қосып, дәлелмен хабарласу.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

13 ақпан 2014, 22:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.