Әйгілі «Қыз Жібек» көркем фильмінде «Гәкку» әнін актриса Меруерт ӨТЕКЕШОВА емес, көп жылдан бері Атырауда тұратын опера әншісі Мүнира ИЖАНОВАНЫҢ (суретте) орындағанын көп ешкім біле бермейді.
МҮНИРА ҚАЛАЙ ЖІБЕК ҚЫЗ АТАНДЫ
Мүнира Матайбайқызы «қазақтың бұлбұлы» атанған Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА секілді сирек кездесетін лирикалы-колоратуралы сопрано дауысының иегері. Ол да Бибігүл апай секілді Семейде туылған. Мүнира апай жас кезінен Бибігүл Ахметқызын тыңдап өсті, оны әнші ретінде пір тұтты, одан көп нәрсені үйренді. Музыкалық білім алып, толысқан соң Бибігүл апаймен бірге Семей қаласындағы филармонияда жұмыс істеді. Кейін Алматыға келгенде, екеуінің жолы тағы түйісті. Бұл 1969 жыл болатын. Қазақ киносының алтын қорына енгізілген «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімі басталған кез. Атақты композитор Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ Жібектің ариясы «Гәккуді» орындайтын әнші іздеп, алдын ала тыңдау үшін Бибігүл Төлегенова мен Мүнира Ижанованы шақырады. Ол М.Ижанованы алғаш рет 1965 жылы жоғары оқу орындары арасында өткен ән байқауында сахнада «Ақ Шағала» әнін орындап тұрған кезде көрген болатын.
- Қыздар педагогикалық институтында (ЖенПИ) жұмыс істеп жүрген кезімде Нұрғиса Тілендиев пен «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтан ҚОЖЫҚОВ мені іздеп келді. Сол кезде Нұраға маған: «Айналайын, «Ақ шағала» әнін орындаған сен бе едің? Тағы қандай әндерді білесің?» деді де, рояльға отырып, «Жан жарым», «Жан сәулем», «Ақ шағала», «Жүрегім менің» секілді 15шығарманы ойнап кеп жіберді. Мен оның сүйемелдеуімен барлық әнді де орындап шықтым. Кейін Нұраға институттағы өзім жетекшілік ететін топтағы 30қызбен бірге Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына келіп-кетуімді өтінді, - деп сөзін сабақтайды Мүнира Матайбайқызы. – Біз студияға келгенде Бибігүл Ахметқызы Нұрағаның домбырамен сүйемелдеуімен «Гәккуді» шырқап тұрды. Содан кейін Нұраға маған қарай бұрылып, «мына әнді қайталай аласың ба?» деп сұрады. Бибігүл Ахметқызымен бұдан бұрын Семейде бір жерде жұмыстас болдық, ол кісіні өте жақсы көремін, сыйлаймын. Өзімді ыңғайсыз сезінсем де, «Гәккуді» сол жерде бірден қайталап бердім. Кейін күндердің бір күнінде Нұраға маған телефон соғып, өзі құрамында болған комиссияның шешімімен «Қыз Жібек» фильміне менің дауысымның таңдалғанын айтты. Не себепті таңдау менің дауысыма түскенін Құдай білсін. «Осы дауыс барады» деді, болды. Бірақ байқауда жеңіп кеткеніммен, кейін өкіндім. Өйткені, үміткерлер көп болатын. «Неге сені алады, неге мені алмайды?» деп сұрақтың астына алғандар да болды.
Былтыр күзде Атырауда Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының гастрольдік сапары өткен болатын. Актерлар труппасының құрамында болған «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлдерді сомдаған ерлі-зайыпты өнер иелері Меруерт ӨТЕКЕШОВА мен Құман ТАСТАНБЕКОВ Мүнира Матайбайқызымен жылы қауышқан болатын (суретте). Бір қызығы, әртістер отбасы Мүнираны «Жібек қыз» деп атайды екен.
- Меруерт пен Құман мені әлі күнге дейін солай атайды. Олар мені көре сала, «Жібек бізден жас көрінеді ғой» деп әзілдеп, мәз болып жатты. Бір-бірімізді көп жылдан бері көрмедік, бұл кездесуге балаша қуандық, - дейді Мүнира Матайбайқызы.
БАЛМҰЗДАҚ ТУРАЛЫ ОҚИҒА
Мүнира ИЖАНОВА – 1942 жылдың 1 мамырында Семей облысы Шар ауданының Суық-Бұлақ ауылында дүниеге келген. 1960-1964 жылдар аралығында Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесінің жеке ән орындау бөлімінде оқиды. 1964-1968 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының дирижерлік және жеке ән орындау бөлімін үздік бітіріп, сол жерде ұстаз болып жұмысқа қалдырылады. 2013 жылы «ҚР мәдениет саласының үздігі» атағына ие болды.
Мүнира апа өмірінде өкініш туғызған тағы бір қызық жағдайды айтып берді. 1964 жылы Семей музыкалық училищесін үздік бітірген соң, қолындағы 75 рубльмен Алматыға консерваторияға оқуға түсу үшін емтихан тапсыруға келеді. Жанында құрбысы болатын. Ол емтихан тапсырардан бір күн бұрын «балмұздақ жейік» деп ұсыныс тастайды. Балмұздақты жек көрмейтін Мүнира қыз үшін мына ұсыныс жанына жағып кетіп, екеуі сегіз балмұздақтан сатып алып жейді! Ал бірнеше сағаттан соң тамағы жұтындырмай, ауырып бара жатқанын сезінеді. Енді болмағанда, оның әншілік жолына балта шабылар еді:
- Консерваторияның жатақханасында ұйықтап жатыр едік, түнгі сағат 3-те тамағым ісініп, өлтіріп бара жатқаннан оянып кеттім. Бір жеңгемнің жасап жүрген емі есіме түсе кетіп, Аллаға сыйындым да, тұз алып, тамаққа басып, қанды іріңді ағыздым. Кейін дәрігерлер «фолликулярная ангина» деген диагноз қойып, ән айтуға болмайды деген анықтама жазып берді. Бірақ ертесіне емтиханда бәрібір бірнеше ән айттым, тек берілген анықтаманың кесірінен ғана емтиханнан өтпей қалдым. Ал құрбым консерваторияға оқуға түсіп кетті. Келесі жылы мені қайтадан емтихан тапсыруға шақырды, бірақ барғаным жоқ, ЖенПИ-ге оқуға түсіп кеттім, оны да үздік аяқтадым. Әрине, консерватория әлдеқайда жақсы болар еді... бірақ, консерваториялық білімімнің жоқтығы менің кәсіби сахнада ән айтуыма кедергі болған жоқ. Институттағы оқуыммен бірге Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияның профессоры, халық әртісі Анатолий МОЛОДОВТЫҢ жетекшілігіндегі академиялық капелла хорының солисі болып қызмет атқардым.
Кейін сол хор капелласымен бірге Қазақстанның бүкіл жері мен Кеңес Одағын аралап, Венгрия, Германия, Югославия, Болгария, Польша және Еуропаның басқа да елдерінде концерт берді.
«ӘКЕМ АЛҒАШҚЫ ЖАЛАҚЫМ ҚОЛЫНА ТИГЕНДЕ, ШОШЫП КЕТТІ»
Мүнира апай Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Дина ДҮТМАҒАМБЕТОВА, Милан опера театрының әншісі Игорь ГЛУШКОВ секілді көптеген талантты шәкірттер тәрбиелеген. Өзі де Бақытжан БАЙҚАДАМОВ, Александр РАКОВ, Өмірбек БАЙДІЛДӘ, Анатолий МОЛОДОВ, Нәдия ШАРИПОВА секілді ұстаздардан тәлім алған. Ал өнердегі ең алғашқы ұстазы - өзінің туған ағасы Жарылғап МАТАЙБАЕВ.
- Қазір ағатайым Семей қаласында тұрады. Жасы 80-ге келіп қалса да, өзінің дауысы сақталған, әлі де ән салады, дәстүрлі әнші, оның дауысы Әміре ҚАШАУБАЕВТІКІ сияқты. Өзі көп қиындық көрген. 13 жасында жоқшылық кезінде жалаң аяқ қалаға барып, училищеге түсті оқуға. Мен 5 жасымнан бастап ағама еріп, тойларға шығып, ән салып келетінмін. Ал 8 жасымнан бастап қаладағы радиоға солист болып жұмысқа тұрдым. Ең алғашқы жалақым 80рубль болатын. Бұл әкемнің қолына тигенде, шошып кетті. Қарнымыз аш жүргенде бізге жақсы болды, бір қап ұн, бір қап қант алып алдық,- деп еске алады Мүнира апа.
«АТЫРАУҒА ЕНЕМ ШАҚЫРЫП АЛДЫ»
Ол Атырау жеріне жолдасы Досқали екеуі 1975 жылы көшіп келді. Досқали аға да музыкаға жақын, ол «Қыз Жібек» фильмінде музыкалық аспаптар оркестрінде прима қобызда ойнаған.
- Бірде түнгі сағат 12-де «Қыз Жібек» фильміне музыка жазу жүріп жатты. Сонда Болат САРЫБАЕВ деген профессор маған «Айналайын, Жібекжан, анау оркестрдің алдында отырған жігіт сізді ұнатады» деді. Мен «Құдай сақтасын, керегі жоқ, ұнатпасын!» деп ыршып түстім. Енді мен жас кезімде жігіттерге қарамауға тырысып, алдыма ән айтуды басты мақсат етіп қоятынмын. Содан да болар, тұрмысқа 29 жасымда ғана шықтым, - дейді Мүнира Матайбайқызы. – Досқали мен қайда барсам, сол жерде жүретін болды. Кейін екеуміз қосылдық. Нұраға бізді қатты сыйлайтын, біздің жатақханадағы шағын бөлмемізге жиі келетін. Келеді де, ыңғайланып отырып алып, маған ән салдырады. Жалпы, Нұраға өзі ғажап адам еді ғой, мен оның батасын алған бақытты әншімін...
Досқали өзі Құлсарыдан, сол себепті де біз Гурьевке гастрольмен жиі келетінбіз. Кейін енем біздің көшіп келуімізді қалап, шақырып алды осында. Менің жақындарым мен таныстарым «ол жақта холера, чума, туберкулез бар, сен ол жақта қалай қаласың?» деп, бұл жақта қалуымды қимады. Бірақ мен енемді сыйламасам, нағыз қазақ келіні бола алмас едім. Болашақта менің де балам мен келінім мені сыйламаса, қалай болады деп, өзімді енемнің орнына қойып қарадым... Осылайша, Атырауда қалып қойдым.
Қазір оның өзінің де жалғыз ұлы Досымжанның өмірлік жары - Айна есімді келіні бар. Тағы да, 5 жасар немересі Жәнияның қызығын көріп отыр.
Мүнира Ижанова көп жылдан бері Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжінде жұмыс істейді. Жасы 72-ге қараса да, үнемі сергек, ширақ жүреді. Содан да болар, колледж басшылығы оны зейнетке жіберуді әлі ерте санайды.
Биыл Д.Нұрпейісова атындағы колледжге 55 жыл толады. Соған орай үлкен концерт беру жоспарда бар, онда Мүнира Ижанова өнер көрсетеді.
Айнұр САПАРОВА