Бейжің Олимпиадасында Арман Шылманов ұтқан қола медальдан кейін Атырау таэквондо мектебі жүлделі орындардан көріне алмай жүр. Жаттықтырушылар штабы осы мәселені шешуге тырысуда. Осы жылдың қаңтарында облыстың жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып Ерлан АЛАГӨЗОВ тағайындалды.
- Құраманы 2014 жылы қандай жарыстар күтіп тұр?
- Сәуірде бізді ең басты сынақ – ҚР чемпионаты күтіп тұр. Оның жеңімпаздары жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысады. Өткен жылы ел құрамасы шетелге жарысқа шыққан жоқ. Бұл жағдай ұйымдастыру мәселелеріне байланысты орын алған еді: Қазақстанның спорттық жекпе-жектер және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы құрылды және оның құрамына таэквондо федерациясы да кірді. Алайда облыстық туризм және спорт басқармасының есебінен біз Корея ашық чемпионатына қатысып келдік. Мұнда Арай Оразақова, Айдана Еділбаева, Мөлдір Әлмұқашева, Айгүл Елубай және Алмас Меллатов алтын медаль иеленді.
Өткен жылы 1-БЖСМ шәкірттері Арай Оразақова мен Айдана Еділбаева Қазақстан чемпионы атанды. Ер балалар жүлде ала алмады. Биыл спортшылардың жаңа толқынын дайындадық, әлі есе қайтарамыз деп ойлаймын.
Осы жылы Бангкокте жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді, оған Айгүл Елубай мен Сағадат Жолдасбаев бармақшы. Қазір олар Кореяда оқу-жаттығу жиынында жүр.
Жақын арада Қаскелеңде Қарасай батырды еске алуға арналған республикалық турнир, содан кейін Алматыда Райымбек батырды еске алу турнирі, Шымкентте БЖСМ шәкірттері арасында ҚР чемпионаты, қарашада Павлодарда ресейлік спортшылар да қатысатын ауған жауынгерлерін еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Жарыс өте көп...
Алагөзов Ерлан Сәрсенбайұлы, 27 жаста, ҚР чемпионы, ҚР Кубогының иегері, жаттықтырушылық өтілі - 7 жыл.
- Облыстың ересектер құрамасында қандай жаңалықтар бар?
- Гүлнәфиз Айтмұхамбетова, Үмбет Шакиев, Әнуар Насихатов және Дастан Мұратов Алатау бөктеріндегі базада жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Өткен жылдан бастап олар Олимпиада-2016 додасына қатысу үшін рейтингілік ұпайлар жинап жатыр. Гүлнәфиз Манчестерде өткен «Гран-при» сериясы турнирінде алғашқы ұпайларын жинады. Қаңтарда Амантұр Табылдиев Қазақстанның бес үздік таэквондошысымен бірге Испанияға бір жыл мерзімге жаттығу жиынын өткізуге кетті.
- Қыздардың үнемі жүлде алып тұрғаны белгілі, ал ер балалардың сәтсіз өнерін қалай түсіндіруге болады?
- Өткен жылдары құрама жаттықтырушылары бар көңілді ересектер құрамасынааударды, осыған байланысты резерв болмай қалды. Қазір бізде талантты жасөспірімдер өсіп келе жатыр. Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында Елубай мен Жолдасбаев чемпион болса, Анель Мизам «күміс» алды, ал Еділбаева мен Оразақова «қолаға» қол жеткізді.
Атырауда таэквондо топтары 1-БЖСМ (Привокзальный), 4-БЖСМ (Геолог), 1-ОРМБЖСМ (Авангард) мекемелерінде ашылған. Ганюшкинодағы БЖСМ-да топ ұйымдастырылды. Ол жаққа ҚР чемпионы және кубогының иегері Руслан Аманғалиев жіберілді. Ол сол жақта дүниеге келген. Исатай ауданының Аққыстау ауылына ҚР чемпионы Арман Қабдырахмановты жіберу туралы шешім қабылданған, алайда алдымен баспана мәселесін шешіп алу керек. Құлсары қаласында да топ жұмыс жасап жатыр, онда Азамат Нұржанов жаттықтырушы болып жасайды. Оның екі шәкірті облыстық олимпиадаға дайындау орталығына алынды. Өткен жылы құлсарылық Мөлдір Нұрбергенова Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды.
- Жаттықтырушылық өтіліңіз жеткілікті екен. Қазіргі чемпиондардың қайсысын сіз тәрбиеледіңіз?
- Айгүл Елубай - менің шәкіртім. Сонымен қатар Айкөркем Сатыбалдиева 2013 жылы балалар арасында Қазақстан чемпионы атанды.
- Сәуірде өтетін ел чемпионатында қанша жүлде аламыз деп жоспарлап отырсыз?
-Жүлде алуға ешкім кепілдік бере алмайды. 1-БЖСМ шәкірттері сәтті өнер көрсетеді деп ойлаймын, өйткені олар өз шәкірттерім. Наурызда барлық аудандар мен Атырау қаласынан балаларды оқу-жаттығу жиынына шақыруды, облыстық іріктеу турнирін өткізуді жоспарлап отырмын – сол жерде кімнің кім екені белгілі болады...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ