11 ақпан күні облыстық онкологиялық диспансерде дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай баспасөз конференциясы өтті.
Бүгінде Атырауда қатерлі ісік аурулары арасында 1-орында өкпенің қатерлі ісігі, 2-орында асқазан қатерлі ісігі, 3-орында сүт безі қатерлі ісігі, 4-орында өңеш қатерлі ісігі тұр.
Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Руслан РАСҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша, Атырау облысында 2012 жылы 683 адам қатерлі ісікке шалдыққан, ал 2013 жылы бұл көрсеткіш артып, 789 адамға жеткен. Десек те, онколог дәрігерлер өңірімізде қатерлі ісіктен көз жұматындардың саны жылдан-жылға, шамалы болса да, азайып келетінін айтады. Қатерлі ісік ауруын неғұрлым ерте анықтаса, адам өмірін аман сақтап қалудың мүмкіндігі соғұрлым зор. Елімізде 2008 жылдан бері қатерлі ісік ауруын ерте анықтау мақсатында жыл сайын жатыр мойыны обыры мен сүт безі қатерлі ісігі және тік ішек немесе тоқ ішек обырына ғана тегін скринингтік тексеру жүргізіліп келеді. Ал биылдан бастап өңеш, асқазан, бауыр және қуыс асты безі қатерлі ісігі ауруларын алдын ала ескертуге арналған скринингтік тексерулер қосылды. Бұл жас ерекшеліктері мен денсаулық жағдайының қалыпты көрсеткіштері бойынша тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханаларда жүзеге асырылады. Мәселен, жатыр мойыны обыры бойынша скринингтік тексерілуге 30 жас пен 65 жас аралығындағы әйелдер жатады.
Сонымен қатар, қазір облыста 11 мен 12 жас аралығындағы қыз балаларға жатыр мойыны обыры ауруын алдын алу мақсатында жыныстық жол арқылы таралатын адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы екпе жасау жалғасуда. Ал одан жас шамалары үлкенірек қыз балалар бұл екпені ақылы негізде ала алады (бір екпе «Медицина» АҚ-да 100 доллар тұрады). Медиктер өткен жылдың күзінде Павлодардағы адам папиллома вирусына қарсы екпеден кейін талып қалған екі қыз балаға қатысты оқиғаның бұрынғыша кездейсоқтық екенін айтып отыр.
Облыстық онкологиялық диспансердің онкогинеколог дәрігері Эльмира САПАРОВА бұл екпеден қорқудың еш реті жоқ деп есептейді:
- Біз жақында балалар ауруханасында жатқан 10 қыз балаға олардың ата-аналарының келісімімен адам папиллома вирусына қарсы екпе салдық. Байқағанымыздай, ешқайсысында теріс реакция болған жоқ.
Айнұр САПАРОВА