Атырау, 26 қараша 20:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

...Және жеті шөлмек «мартини»

1 878 просмотра

11 ақпанда азық-түлік дүкендерінде,супермаркеттер мен тұрмыстық техника дүкендерінде бағалар күрт көтеріліп кетті.

Бұл күні тұрмыстық техника сатушылар қызу қарқынмен еңбек етті. Авангард 3-ықшам ауданындағы «Технодомда» қызметкерлер қағаздан жаңа баға көрсеткіштерін қиып алып, жолай сатып алушыларды әзірге қымбаттамай тұрғанда бұйымдарды сатып алуға үгіттеп жүрді. Кейбір тауарлардың баға көрсеткіштері сол күйінде қалды, алайда кассаға келгенде бәрінің де орташа алғанда 20-50 пайызға қымбат екендігі анықталды. Пісіруге арналған қалып үшін 2500 теңге деген баға көрсетілген, алайда ол 3000 теңгеден сатыла бастады. 10 ақпанда 5 мың теңге тұрған түтікше пісіруге арналған электр формасы 11 ақпанда 7500 теңгеге дейін қымбаттады. Тоңазытқыш пен қымбат теледидардың бағалары он мың теңгеге көтеріліп кетті. «Авангардтың» соңғы аялдамасындағы «Сулпакта» да дәл осындай көрініс байқалды. Сатып алушылар аралап, бағаларын салыстырып, үлгермегендіктерін түсініп, енді азық-түліктерді бұрынғы бағасымен алуға үміттеніп, супермаркеттерге ағылып жатты.

11 ақпанда таңертең тұрақты «Негізгі азық-түліктер мен тауарлардың ағымдағы құны» айдары үшін Авангард 3 ықшамауданындағы «Атаба» супермаркетінің бағаларын түсіріп алған едім. «Мясодел» компанияcының «Наурыз» шұжығының бір келісі 934 теңге, тауықтың сан еті – 407 теңге, күріш пен қант - 141 теңге, «Сұлтан» макароны – 111 теңге болды. Сол күні кешке шұжықтың бағасы - 1032 теңге, құс аяғы - 450 теңге, күріш - 163 теңге, қант – 157 теңге, макарондар – 119 теңге және т.б. болып өзгеріпті. Тауарлардың көпшілігінде баға көрсеткіші болмады. Қызметкерлер көрсеткіштерді ауыстырып үлгермей жатты. Сатып алушылар туыстарына, біреулер жалпақ жұртқа «Лидерде» бағалар әзірге өзгермегенін жария етті. Халық солай қарай ағылды. Авангард, 4 ықшамаудандағы «Лидер» супермаркетінде, шынымен де, бағалар бұрынғы күйінде қалыпты. Адамдар арбаларын бұзылмайтын тауарлармен – 5 литрлік маймен, макарон өнімдерімен, консервілермен толтыра бастады. Менің көз алдымда бірнеше ер адам арбаларын алкогольмен толтырып алды. Неліктен екені белгісіз, шарап-арақ үйіндісінің ең бетіне жайғасқан «Мартинидің» жеті шөлмегі есімде қалыпты. Әкімдік өкілдері дүкенді аралап, тауарлар құнын жазып алды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

13 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.