– Ұлым бір айдан соң 18-ге толады. Ол кәмелетке толған жасында жүргізуші куәлігін алу үшін көлік жүргізу курсына жазылуды ұйғарды. Емханаға келіп, медициналық нысан құжаты үшін тиесілі ақысын төлеп, дәрігерлердің қабылдауына кіре бастады. Хирург ұлым 18-ге толмайынша, өзінің мөрін соғудан бас тартқан. Егер көлік жүргізу курсына 16 жастан бастап қабылдай беретін болса, оның жасының қатысы қандай? Оның үстіне ол медициналық комиссиядан куәлік алу үшін емес, әзірге курсқа жазылу үшін өтіп жатыр ғой.
Оксана Афонина
Сұраққа №1 емхананың бас дәрігері Еркінбай ҚУАНОВ жауап берді:
– Бізде медициналық анықтаманың түрлі нысандары бар: жұмысқа орналасу кезіндегі медициналық тексеру, жүргізуші куәлігін алған кезде, осы куәлікті ауыстырған кезде және курстарға түсуге арналған. Осыған байланысты медициналық тексеру құны түрлі болады. Өйткені, ол тексеру жүргізетін мамандардың санына байланысты. Сіздің ұлыңыз, шамасы, жүргізуші куәлігіне арналған нысанды алған болар. Бұл жағдайда дәрігердің бас тартуға құқығы бар, өйткені жігіт 18 жасқа толмаған және ол әзірге куәлік ала алмайды. Медициналық анықтамалар алдын ала берілмейді.