Атырау, 4 қараша 19:46
 дождьВ Атырау +15.1
$ 453.26
€ 506.70
₽ 5.58

​Қазақстан мұнайдың жаңа қорын іздейді: инвесторларға 112 учаске ұсынылады

112 рет қаралды

2026 жылы Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін электрондық аукциондарға 112 учаске шығару жоспарланып отыр.

Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, бір жыл ішінде барлау жүргізуге мұндай көлемде учаске бөлу — елеулі көрсеткіш. Салыстыру үшін айтсақ, бұған дейінгі үш жылда (2023–2025 жылдары) сауда-саттыққа жалпы саны 126 учаске шығарылған болатын.

«Бір жылдың ішінде 112 учаскені сауда-саттыққа шығару – айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Жақын арада олардың нәтижесі бойынша оң өзгерістерді көретін боламыз. Геологиялық зерттеулер мен бұрғылау жұмыстарының нәтижелері бағалау жүргізу үшін энергетика министрлігіне қолжетімді болады», — деп мәлімдеді Ақкенженов.

Аукциондарға қазақстандық компаниялармен қатар шетелдік кәсіпорындар, соның ішінде Қытайдан және көршілес мемлекеттерден келетін инвесторлар да қатыса алады. Бұл ретте инвесторлардың учаскелерді геологиялық зерттеу, бұрғылау, жергілікті қамтуды дамыту, тауарлар мен қызметтерді сатып алу, сондай-ақ мамандарды даярлау жөніндегі міндеттемелеріне ерекше назар аударылады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов ұлттық компанияның 4,7 млрд тонна шартты отын ресурстық бағалауы бар 23 жоба шеңберінде 47 учаскені қамтитын геологиялық барлау бағдарламасын іске асырып жатқанын хабарлады.

Бұдан бөлек, компания 60 мың бойлық шақырымда сейсмобарлау жұмыстарын жүргізіп, 8 шақырымға дейінгі терең геологиялық қабаттарды зерттеуде. Бұл жұмыстардың мақсаты — жаңа кен орындарын іздеу және Қазақстанның ресурс базасын толықтыру.

Энергетика министрлігі бұған дейін 112 учаскенің 56-сы 2026 жылғы 25 желтоқсанға жоспарланған аукционға енгізілгенін хабарлаған еді. Олар жеті өңірде, соның ішінде Атырау облысында орналасқан. Бұл сауда-саттыққа өтінімдер қабылдау 18 қарашаға дейін қарастырылған.

Бүгін, 18:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.