Қала мен аудандарда газдан улану жиілеп кетті. 5 ақпан күні Жаңа Қаратон поселкесінде үш бірдей бүлдіршін газ иісі тиіп, көз жұмды. Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылында бір отбасы түгел газдан уланып қайтыс болды. Исатай ауданы Аққыстау ауылында тоғыз жаннан тұратын бір отбасы да солардың кебін кие жаздады.
Осыдан бірнеше уақыт бұрын Жылыой ауданының халқы Теңізшевройл жеткізетін көгілдір отынның сапасына сын артқан болатын.
- Біз газ сапасын үнемі бақылауда ұстаймыз, ол үшін айына екі рет лабораториялық талдаулар алып отырамыз. Жылыойлықтар сертификатталған газды тұтынып отыр, - дейді «Жылыойгаз» ЖШС-нің директоры Жазира ЕРМЕКОВА.
Ж.Ермекованың мәліметі бойынша, қаңтар айының өзінде газдан уланудың үш оқиғасы тіркелген. Қаңтардың 24, 29, 31-і күндері бірнеше бала (ересектер де болған) улы газға тұншыққан. Олар дер кезінде көрсетілген дәрігерлік көмектің арқасында аман қалған.
«Жылыойгаз» ЖШС басшылығы бұл қайғылы оқиғалардың орын алуына себепші болған жайттарды анықтады. Мәселен, қаңтардың 24-інде Құлсары қаласындағы 6-шы ауыл, №124 үйдегі қайғылы жағдай жылу қазандығының еденнен 40 см төмен орналастырылуынан болған және бұл газдың толық жануы үшін қажетті ауаның жетпеуіне әкеліп соқтырған. Оның үстіне үй иелері қазандықтың автоматикасын алып тастап, тікелей жалғаған және жылу қазандығының мұржасы жылу изоляциялық материалмен ережеге сәйкес қапталмаған. 29 қаңтардағы газдан улану оқиғасы 8-ші ауылдағы №342 үй тұрғындарының үйге арналмаған конвектор орнату салдарынан болған. 31 қаңтар күнгі жағдай бойынша 6-шы ауылдағы №222 үйде жылу қазандығы үй ауқымына сай болмаған және мұржасына мұз тұрып қалған. 5 ақпан күнгі қайғылы жағдай жылу қазандығы мұржасының бітеліп қалуы салдарынан орын алған.
- Қатерлі жағдайлардың орын алуына газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылаудың болмауы себепші болып отыр, - дейді Ж.Ермекова. - 2013 жылы қауіпсіздік ережесін сақтамаған екі мыңға жуық тұрғынға инспекторлар ескерту берген болатын. Біз бұдан әріге бара алмаймыз, құқымыз жоқ. Тағы бір себеп - тұтынушылардың бізбен техникалық қызмет көрсету келісімшарттарына отырмауы. 2013 жылы 17 305 абоненттің 1 696-сы ғана келісімшартқа отырды, яғни абоненттердің 10 пайызы дерлігін ғана қамтып отырмыз. ЖШС тұтынушылардың жылу қазандығының тетіктерін майлап, сайлай алады. Ал мұржалардың қауіпсіздігіне тұрғындардың өздері жауапты.
Осы мәселеге орайбізге Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ТҰХФАТОВ арнайы бригадалардың газ плиталары мен жылу қазандықтарының қауіпсіздігін тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқандығын хабарлады:
- Біздің тарапымыздан тұрғындарға баспасөз арқылы, түрлі жиындарда, түбіртектердің сыртына газ кету оқиғаларына салғырт қарамау жөнінде бірнеше ескертулер берілді. Бірақ бұған салдыр-салақ қараушылар әлі де жетерлік.
Қаңтардың соңғы күндерінің бірінде Исатай ауданы Аққыстау ауылында бір үйдегі тоғыз адам газдан уланып, ауруханаға түскен болатын. Қазір олардың денсаулық жағдайлары жақсара түскен.
- Біз түнде ұйықтап жатқанбыз. Абырой болғанда, дер кезінде оянып үлгеріппіз. Орнымыздан еңбектеп тұрып, есіктерді ашуға әліміз жетті. Жеті балам мен күйеуім екеуміз ауруханаға түстік. Күйеуім көп зардап шекті, себебі үйдің жылу қазандығы істен шығып, жылу радиаторы шытынаған болатын, содан арқасы күйіп қалған, - дейді Айпара ИБРАЙМОВА.
Олардың балаларының алды9-шы сыныпта оқиды, ал кішкентайы бес айлық.
Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ қазір бұл отбасыға қажетті көмектің көрсетіліп жатқанын хабарлады:
- Біз бүгінде бауырларының үйінде уақытша тұрып жатқан отбасыға демеушілікпен көмек жасаудамыз. Жылу қазандығын орнатуды өз міндетімізге алдық.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА