Қоғамдық көліктің жұмысы - Индербор кентіндегі күрделі мәселелердің бірі. Жергілікті халық бұл мәселе биліктің дәрменсіздігінен шешілмей отыр деп есептейді.
Жыл өткен сайын кент халқының саны көбейіп келеді, «Шығыс» және «Болашақ» секілді жаңа ықшам аудандар салынды. Жол өткелдерін кеңейту жұмыстары жүргізіліп, олардың ұзақтығы 10 шақырымды құрады. Соған қарамастан, бір ғана (!) автобус шығарылған. Оны аялдамаларда ұзақ күтуге тура келеді.
- Кентте мыңдаған адам тұрады, бәрі де жалғыз автобустың жүрісіне қарап телміріп отыр. Оны сағаттап күтуге тура келетіндіктен кенттің ішінде таксимен жүруге мәжбүрміз. Ал олар кісі басына 100 теңге алады, мұны әркімнің қалтасы көтере бермейді, - дейді индерборлықтар.
Кенттің ішінде қатынайтын тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары бөлімінің еншісіндегі жалғыз автобусты Исатай ЖАМБИЛОВ есімді жеке кәсіпкер осыдан бес ай бұрын сенімгерлікпен басқаруға алған. Маршруттың бекітілген жүру кестесі мынадай: таңғы 07.30-09.30, түскі 11.30-14.30, кешкі 17.00-19.00. Күніне 7 сағат қана жолда жүретін автобус сенбі, жексенбі күндері мүлдем жүрмейді. Жолақысы үлкендерге - 40 теңге, ал баларға - 20 теңге.
- Мен маршрутта өткен жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істеймін. Бірақ бұдан шығын болмаса, көріп отырған пайда жоқ десе де болады. Күніне жолаушылардан шамамен 5-7 мың теңге түседі, оның 4 500 теңгесі жанармайға кетеді, - дейді И.Жамбилов. - Оның үстіне, техника бұзылмай тұрмайды, оған да ақша керек. Мен сонда төрт баламды қалай асыраймын? Сондықтан мен бұл жұмыстан бас тарту туралы шешім қабылдадым.
Ол автобусқа мінетін адамның саны азайып кеткеніне таксишілерді кінәлайды: - Қазір көбі жолаушыларды патентсіз тасымалдайды. Құқыққорғау органдары неге соларды тексермейді?
Ал Гүлім есімді кент тұрғыны мәселе тағы бір автобусты жолға шығарғанда шешіледі деп есептейді:
- Жалғыз автобус қашан келіп, қай уақытта жүретінін білмейсің. Ол бір сағатта айналып келгенше біз жұмысқа, балалар мектепке, балабақшаға кешігеді. Бір ғана автобустың болғаны біз үшін тиімсіз. Оның үстіне, қақаған қыста бірнеше сағат аялдамада тұрып, автобус күту мүмкін емес.
Мектептен келе жатқан балалар бізге автобустың соңғы екі күннен бері шықпағанын айтты.
Автобус жүретін жол бағыты «Көктем» мен Барлаушылар бөлігі аралығын қамтиды. Ал шеттегі «Шығыс» пен «Болашақ» ықшам аудандарына мүлдем бармайды. Бұл ықшам аудандарда тұратын индерборлықтар балаларын ауа райының қолайсыз күндері мектепке жіберуге қорқады.
- Біздің мектеп өте шетте орналасқан. Күн күрт суып, аяз тұрғанда оқушылардың сабаққа келуі қиындап кетті. Біз көмек сұрап әкімшілікке хат жаздық. Күні бүгінде үш кәсіпкер кезектесіп, күніне бір көлік шығарып, бір бағытта жүру ақысын әрбір оқушыдан 50 теңгеден белгілеп алып отыр. Ата-аналар да бұл бағаға келісіп отыр. Бір үйден екі, үш баладан оқиды, соларға қиын. Бірақ бұл көліктердің қашанға дейін жүретінін білмеймін, - дейдіС. Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры Райхангүл КУРГАНБАЕВА.
Алкент әкімі Бөкенбай НҰРҒАЛИ былайша комментарий берді:
- Біз автобусты жеке кәсіпкер Жамбиловқа сенімгерлік басқаруға бердік. Бұдан артық оған не көмек керек? Егер жұмыстан бас тартса, одан басқа адамды табамын, әзір тұр. С. Сейфуллин мектебіне жүретін көліктер тұрақты болады деп отырмыз. Біз меморандумға қол қойдық. Олардан еш қам жемесін. Жуырда Индерге келгенде облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ мектептерге көлік алып беретін айтты.
- Бірақ ол оқушылар үшін, ал жолаушылар тасымалдайтын қосымша автобус қашан шығарылады?
- Оны айта алмаймын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА