Алиментті есептеудің жаңа жүйесі балаларға төлем жасау сомасын біраз арттырады.
Бұрын жұмыссыз болып тіркелгендердің табысынан алиментті төменгі жалақы көрсеткішімен (ТЖК) есептейтін еді, алайда енді, 2014 жылдан бастап еліміздегі орташа айлықжалақы негізге алынатын болады. Бұл туралы Атырау облыстық Сот актілерін орындау департаменті хабарлады. Егер бұрын төменгі жалақыдан (18 660) шегерілімдер бір бала үшін 4 мың теңгенің көлемінде болса, ал енді орташа айлық жалақы көрсеткішінен (108 640) алимент бір кәмелет жасқа толмаған бала үшін 27 160 теңге, екі балаға – 36 213 теңге, үш және одан да көп бала үшін 54 320 теңгені құрайды.
Сот орындаушылардың ақпараты бойынша, бүгінде Атырау облысында 3 мыңға жуық алимент төлеуші бар. Олардың көпшілігінің жұмыссыздың атын жамылып, алимент төлеуден жалтарып жүргені құпия емес. Сондықтан да 28 қаңтардан бастап ҚР ҚК 136-бабы («Балаларын немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейі жалтару») бойынша жаза қатайтылды. Атап айтсақ, бұрын ең жоғары жаза 2 жылға бостандығын шектеу болса, қазір сол мерзімге бостандығынан айыру болып өзгертілді.
Тамара СУХОМЛИНОВА