Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның 11-сынып оқушысы Нұрсәуле НУДИЕВА (суретте) «Компьютерлік физика-2014» ХVІІІ халықаралық компьютерлік шығармашылық байқауында І дәрежелі диплом алды.
Турнир Мәскеу түбіндегі Протвино қаласында 27 қаңтар мен 2 ақпан аралығында өтті. «Компьютерлік физика» байқауы іргелі ғылымдар мен информатикаға қызығушылық білдіретін дарынды балаларды іздеу, іріктеу және қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылатын халықаралық «Глюон» интеллект-клубының бір бөлігі болып табылады.
Қазақстаннан Протвиноға үлкен команда - 440 оқушы барды. Нұрсәулемен бірге Атыраудан жеті өкіл бар. Білімпаз қыз 9-сыныптан бері «Маятниктердің тербелуін Macromedia Flash бағдарламасының көмегімен модельдеу» тақырыбындағы ғылыми жұмыспен айналысады.
- Алынған нәтижелерді оқу үдерісінде, түрлі факультативтік сабақтарда, физиканы тереңдетіп оқыту сыныптарында, сондай-ақ электронды оқулық жасағанда қолдануға болады, - дейді Нұрсәуле.
Осы байқауға дейін ол гимназияның физика пәні мұғалімі Гүлмарал Сәдуқызы ӘБІЛОВАНЫҢ жетекшілігімен бастаған жұмысын қалалық және облыстық ғылыми байқауларға ұсынды. Онымен бірге Астанаға «Мектеп партасынан ғылымға» атты форумға барды.
Нұрсәуле Гүлмарал Әбілованың осындай халықаралық турнирлерге қатысып отырған бірінші шәкірті емес. Гүлмира Сәдуқызы өз шәкірттерінің немен шұғылданғандарына дейін ұмытпаған екен: Бахтияр НАСТАГИМОВ сәуле жылдамдығы тақырыбымен шұғылданса, Досжан ЖОЛАМАНОВ аз қуатты жел қозғалтқыштарының мүмкіндіктерін зерттеді. Содан кейін Зарина БАТЫРҒАЛИЕВА мен Нұрсұлтан ӘБУҚАДЫР сияқты дарынды балалар болды. Физикамен шұғылдану оларға елдің және шетелдің беделді жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік берді. Өткен жылы гимназияның бес оқушысы мектепті «Алтын белгімен» бітірсе,екеуі ҰБТ-дан 125 балл жинады.
- Нұрсәуле екеуміз тақырыпты алға қарай дамытуға болатындай ұзақ және мұқият таңдадық, - дейді Гүлмарал Әбілова.
Ал тақырыпты әрі қарай дамыту мектеп қабырғасынан шығып кетті, енді АМУ-дің физика және техникалық пәндер кафедрасының доценті Жәңгірхан ЖҰМАМҰХАМБЕТОВ пен АМУ-дің информатика оқытушысы Гүлнұр ТҰРМҰХАНОВА ғылы-ми жетекші болды. Ал жазғы каникул кезінде Нұрсәуле тақы-рыпты толық аяқтау үшін Қ. Сәт-паев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне барып келді.
Беделді халықаралық турнирге қатысу үшін Нұрсәуле өз жұмысын қазақ тілінен орыс тіліне аударуға мәжбүр болды.
- Жобаны презентациялау осы турнирде қабылданған форматтардың бірі бойынша өтті: біз жұмыстың қысқаша мазмұны – зерттеудің мақсаты, гипотеза, жобаның жаңашылдығы және т.б. мәліметтер көрсетілген ақпараттық қабырғалардың қасында тізбектеле тұрдық. Егер әділ қазылар мүшелері жұмысыңа қызықса, қасыңа жақындап, сұрақтар қойды, ал қызықпаса, қасыңнан өтіп жүре берді. Олар менің жұмысыма қызығушылық танытты, - деп күледі оқушы қыз.
Әділ қазылар Нұрсәуле жұмысына тек қызығып қана қойған жоқ, оны бірінші дәрежелі дипломмен марапаттады. Беделді халықаралық байқауда жеңімпаз болу оған гимназияны аяқтағаннан кейін емтихансыз кез келген қазақстандық техникалық жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береді. Нұрсәуле Қазақ ұлттық техникалық университетін таңдады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ